Елордалық «Барыс» командасына бас бапкер қызметіне қазақстандық маман Юрий Михайлис тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" клубтың сайтына сілтеме жасап.
Ю. Михайлис 1969 жылы 23 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Хоккейші мансабында қорғаушы міндетін атқарды. 1992-2005 жылдарда Ресейдің «Автомобилист», «Рубин», «Южный Урал», Қазақстанның «Строитель», «Болат», «Қазақмыс» командаларында ойын көрсетті.
2007 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысып келеді. «Барыс» хоккей клубының жүйесінде 13 жылдан бері жұмыс жасайды. «Барыс-2», «Снежные Барсы», «Номад» командаларында бапкер болды. 2017 жылы оның жетешілігімен «Номад» Қазақстан чемпионы атанды. Ал 2017/2018 жылғы кезеңде Құрлықтық кубок ойындарында күміс жүлдегер атанды. Былтыр ол «Номадпен» бірге Жоғары хоккей лигасында тұсаукесер маусымын өткізді.
Юрий Михайлис ересектер, жастар және жасөспірім құрамалары бапкерлері қатарында әлем чемпионаты, Универсиада (2017, 2019 жылдары) және Азия ойындарына қатысты.
«Жаңа маусымда «Барыс» басшылығы қазақстандық хоккей түлегіне сенім артып отыр. Ол команда жүйесінде 2007 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Команданың алға қойған мақсатымен жақсы таныс. Ю.Михайлистің бапкерлер құрамы жақын арада жасақталады», - деп мәлім етті команда басшылығы.
Ол «Барыс» тарихында бас бапкер қызметін атқарып отырған 21 маман болып отыр. Келісім-шарт бір жылға жасалды.