Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолы» атты толықметражды фильмінің әлемдік тұсаукесері Азиядағы ең ірі фестивальдің бірі – 3-12 қазан аралығында өтетін 24-ші халықаралық Бусан кинофестивалі шеңберінде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.
Аталған фильм 5 000-нан астам көрерменді жинайтын Оңтүстік Кореяның ең үлкен кино алаңы – Бусан кино орталығында (Busan Cinema Center) фестивальдің ашылу салтанатында көрсетіледі. Айта кетсек, бұл орталық фестивальдің ашылу және жабылу салтанатында ғана жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетсек, «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмінің өндірісін Қазақстан тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ іске асырса, жапон тарапынан – «Tokyo New Cinema» компаниясы жүзеге асырып отыр. «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі жылқы бағумен айналысатын қарапайым отбасы туралы баяндайды. Бір күні жылқы үшін адам өлтіруден тайынбайтын барымташылар отағасын өлтіреді. 12 жасар Олжас барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасыларына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады.
«Фильмнің сценарийі Қазақстанда орын алған шынайы оқиғаға негізделген. Жақындарынан айырылудың қандай қиын екендігін осы оқиға арқылы кинематографиялық тілмен жеткізгім келді», - деді режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов.
Айта кетсек, фильмді түсіруде тәжірибиелі интернационалды топ жұмыс істеді, олар: «Жаңғақ тал» фильмі үшін 20-шы Бусан кинофестивалінің «Жаңа толқын» (New Currents) бағдарламасында үздік атанып, Бас жүлдені иемденген режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан), фильмнің тең режиссері Лиза Такеба (Жапония), жапондық продюсер Сёдзо Ичияма (Такеша Китано, Цзя Джангке, Хоу Сяосяня сынды танымал режиссерлер түсірген фильмдердің продюсері), продюсер Юлия Ким (Қазақстан/Франция), Берлин кинофестивалінде «Асланның сабақтары» фильмі үшін «Күміс Аю» жүлдесімен марапатталған қоюшы операторы Әзиз Жамбакиев (Қазақстан).
Фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова (Қазақстан), танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда және жапондық актер Мирай Морияма сомдайды. Сондай-ақ фильмге Мәди Минайдаров есімді жас актер түсті (Олжастың рөлінде).
«Екі елдің кинематографистері бірлесіп түсірген фильмге түскеніме қуаныштымын. Түсірілім жұмыстары Қазақстанның көркем жерлерінде өтті. Жапондық актер Мирай Морияма - өте жақсы актер, онымен бірге жұмыс істеу өте ұнады», - деді Самал Еслямова.
«Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі Бусан кинофестивалінің ашылу салтанатында – 2019 жылы 3 қазанда көрсетіледі.
Айта кетерлігі, Халықаралық Бусан кинофестивалі ең алғаш рет 1996 жылдың қыркүйек айында өткізілген болатын. Жыл сайын бұл кино алаңында әр елдің актерлері, режиссерлері мен продюсерлері, сондай-ақ кино өнерінің табынушылары бас қосады. Аталған фестиваль азиялық және Оңтүстік Корей елінде түсірілген фильмдерін насихаттауға бағытталған басты байқау.