24 жел, 2021 сағат 14:23

Бангладеште паромда болған өрт 38 адамның өмірін қиып кетті


Бангладештегі Суганда өзеніндегі паромда болған өрт салдарынан кем дегенде 38 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап. 

«Қазіргі кезде біз 38 адамның денесін анықтадық», - деді Бангладеш оңтүстігіндегі келеңсіз жағдай орын алған Джалокати аймағы өрт сөндіру қызметінің аға қызметкері Калам Хосейн Бхуйян. Өрт жергілікті уақытпен шамамен түнгі сағат 3-те болғандығы хабарланып отыр.

Жалын Джалокати арқылы Даккадан Баргунаға бағыт алған паромның машина бөлімінен шыққан.

Джалокати ауданының әкімшісі Зохор Әлидің айтуынша, қаза болғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі ауруханаға 50-ден астам адам түскен. Кейбір жолаушылар із-түссіз жоғалған деп есептелуде, ал кейбіреулерінің жағдайы өте ауыр.

Өрттің шығу себебі анықталатын болады.