Актер Еркебұлан Дайыров «Балуан Шолақ» фильмінде күрескер тұлғаны сомдауға қандай дайындықпен келгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы айтар болсақ, бұл кино бізге не үшін керек? Кино - идеологиялық саясаттың үлкен бір қаруы, ұлттық руханиятты алты құрлыққа паш ететін жақсы құрал. Біздің соған құқымыз бар. Жағдайымыз да жетеді. Құдай қаласа, біраз күннен кейін «Балуан Шолақ» фильмімен Алты Алаш қауышатын болады. Режиссер Нұргелді Садығұлов айтып өткендей, Балуан Шолақты көп жастар танымайды. Тек астында «КФС» сататын Балуан Шолақ спорт кешені деп қана біледі. Ал шындығында, бұл батыр біреуді боз кілемде жыққанымен емес, елдің намысын, қазақ өнерінің жүгін арқалап, атадан балаға мирас болған үлкен музыкалық құндылық қалдырған арда азамат екенін бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан, Балуан Шолақ туралы тек спорт немесе өнердің төңірегінде жүрген адамның білуі шарт емес. Бұны жалпы халық білуі керек», - дейді актер.
Еркебұлан Дайыровтың айтуына қарағанда, кастингтен өткеннен кейін оған «бір жылқыны бір өзің жеуің керек» деген талап қойылған.
«Салмақ қосу керек деді. Уақыт өте қысқа - 2 ай ғана қалған. Бір айдың ішінде 15 келі салмақ қостық. Сырт келбеті - фактураны барынша ұқсатуға тырыстық. Күнде спортпен айналысып, арнайы жаттықтырушыдан сабақ алдық. Осының бәрі оңай дүние емес. Балуан Шолақты халқымен қауыштыру үшін қандай актер болсын, барынша тырысар еді. Ал қалған қиындықтар елге маңызды емес, өзіме ғана қатысты дүние. Тағы да қоса кетейін: Балуан Шолақтың өмірінің әрбір сәті - тарихқа толы. Кенен атамызбен кездесіп, біраз әндерін үйретіп кеткен. Оның өзі 45 минуттық кино болар еді. Сондықтан, бұл кинода рөлді қолдан келгенше сәтті алып шығуға тырыстық. Балуан Шолақ - істің адамы. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен нағыз ер азамат. Сол себепті, Балуан Шолақтың күрескер болғанын барынша көрсетуге тырыстық», - дейді актер.