22 сәу, 2022 сағат 16:20

Баланы жекеменшік стоматологиялық клиникада жолдамасыз-ақ тегін емдетуге болады


Баланың тісін жекеменшік стоматологиялық клиникаларда жолдамасыз, тегін емдетуіне болады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмек сапасын мониторингтеу департаментінің директоры Ләззат Шоманова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қосалқы мердігерлік арқылы жеке стоматологиялық орталықтардан балаларға тегін ем алуға болады. Өйткені елдегі стоматологиялық клиникалардың басым бөлігі жеке меншікте. Жекеменшік клиникаға жүгініп, сол жерден көмек алу үшін учаскелік дәрігерден жолдама алудың да қажеті жоқ.

Стоматологиялық клиника осы қордың (мемлекеттік) тапсырыс берушісінің тізімінде тұрса, жолдамасыз-ақ тісін емдетіп, ақпараттық қор арқылы төлемге түседі», - деді Ләззат Шоманова.

Оның айтуынша, бүгінде осындай тәсілмен ем алушылар көп.

«Мұндай тізімді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан көруге болады. Сол тізімнің ішінен өзінің үйіне жақынын таңдап, бара алады», - деді қор өкілі.