05 нау, 2022 сағат 14:22

Балалардың ой-санасына әсер ететін өзіміз – кітапханашы



Әдебиетті ардың ісі санайтын біздің қазақ кітапты рухани қазынамыз дейді. Кітап оқыған адамның ой танымы артып, сөздік қоры көбейіп, білімі ұшталады. Ал сіз кітап оқисыз ба? Ұялы телефонға үңілген балаңызды кітапқа қалай үйретесіз? «Балапан ұяда көргенін іледі» дегендей, сіз оқысаңыз, ол да кітап оқыр, бәлкім. Міне, осындай сауалдар қазір көпшіліктің көкейінде жүр. «Ұлт порталы» бүгін шалғайдағы кітапханашылардың ой-пікірін ұсынады.

Айгүл Тасполтаева, Қазығұрт аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:

«Балалар әдебиеті бұрынғы классиктермен ғана шектеліп қалды. Соңғы кезде шыққан күннің өзінде бізге шалғайға жетпей жатады. Қазіргі кезде көптеген жас ақындар, жас жазушылар жазып жатыр. Бірақ баспалардан шығып, бізге жетпей жатыр. Біздің балалар кітапханасы қорына көптеген кітаптар келіп жатыр. Бірақ көбінесе, Гарри Поттер сияқты фантастикалық шетел аудармалары, орысшаның аудармалары келеді. Олар суретті, көркемді, баланы оқуға тез бейімдейді. Былтыр биыл жазушыларға көп жүк артылатын сияқты. Өйткені шағын әңгімелерді, шағын романдарды үзіп алып, соны балаға лайықтап, көркемдеп, сыртқы мұқабасын әдемі қып безендірсе, оқымайтын бала жоқ. Кітапты бала да, ата ана да оқиды. Ата-ана оқыса, бала да сол үрдісті өзіне алады, бойына сіңдіреді. Баланы кітап оқуға жастайынан тәрбиелеуіміз керек. үш жастан бастап, кітап оқымаса да дауыстап оқу арқылы оның санасына сіңдіруіміз керек.

Біз балалар арасында ертегі жазу байқауын ұйымдастырдық. Сонда балалардың көбі теледидардан көрген ертегілерін жазып келді. Өзінің қиялынан туындатып жазған бірен саран ғана бар. Баланың қиялы ұшқыр. Бала барлық нәрсені қабылдайды. Қиял арқылы өз ойын қағаз бетіне түсіргендер де бар.

Жазумен айналысатын үлкен жазушылар, балалар әдебиетіне ден қойғандар балалардың сана сезіміне, ойына ерекше әсер ететін туындылар жазып, оны суретшілер көркем безендіріп, кітапханаларға түссе екен дейміз. Шалғай мекендерде, ауылды жерлерде кітап жетпей де жатыр. Осы мәселені ескеруіміз керек сияқты».

Ғалия Маймақова, Созақ аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:

«Балалар бірінші ертегіні іздейді. Қазір ертегілерді буындап, көрсем суреттеп шығарып жатыр. Бұл да ұтымды. Сол арқылы бала да суретіне қарап, буындап оқығанды жақсы көреді. Бізде балалар кітапханасында отбасылық оқу үрдісі қалыптасқан. Бізде ата-аналар балаларын, немерелерін әкеліп, ертегі кітаптар сұрайды. Өздері де жатар алдында балаға оқып бергенді құп көреді. Сондықтан бұл үрдіс ауылды жерлерде жақсы қалыптасқан деп айта аламын. Балалар кітаптарына сұраныс өте жоғары.

Біз «Алтын сақаны», қазақ ертегілерін оқып өстік. Қазіргі заманның талабына сай бүгінгі оқырман, бүгінгі балалар «өрмекші адам», «темір адам», «терминатор» сияқты мультфильмдерді көріп өскен. Тіпті жаңа жылдық кештерде солардың костюмдерін киеді. Ал бұрын аю, мысық, тышқан сияқты кейіпкерлерді киюші еді. Міне, уақыттың балаларды қалай өзгерткенін осыдан байқауымызға болады. Демек ой сана өзгеріп жатыр. Ал балалардың ой санасымен жұмыс істейтін біз кітапханашылар, ата аналар, ұстаздар, ақын жазушылар екенімізді ұмытпайымыз керек».

Жанат Шардарбекова, Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық кітапханасы директорының орынбасары

«Жалпы балалар әдебиетінің жағдайы бүгінгі таңда кісі қуантарлықтай жағдайда емес. Өте ақсап тұр десек артық айтқандық емес. Балалар әдебиетінде қаншалықты өзгеріс болады, әлі белгісіз... балалар әдебиетімен айналысатын қаламгерлеріміз де өте аз. Негізінде балалар әдебиеті жанр өте қиын. Кітапты қолына алған баланы сол оқиғаға сендіру, ертегіге сендіру өте қиын. Мархаббат Байғұт ағамыз «балалар әдебиетімен айналысу үлкен қаламгерлерге оңай емес» деп бекер айтпайды ғой. Ертегі жазып шығу бір кітапты жазып шыққаннан да қиын. Жалпы баланың психологиясына әдебиет арқылы әсер ету оңай емес».

P.S: Психологтардың сөзіне сүйенсек, атыс-шабыс көріп өсіп, ұялы телефоннан бас көтермейтін баланың мінез-құлқы мен ой-танымы өзгереді. Баланың денсаулығын айтпағанда, жүректі қаттылық жеңеді. Ал баланы осы бір қауіптен алып шығу үшін балалар жазушыларына артылар салмақ зіл батпан.