10 там, 2021 сағат 18:28

Балалар кітапханасында онлайн сұхбат өтті



Бүгін Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі А.Чехов атындағы балаларға арналған қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тікелей эфир өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Балаларға Абай шығармашылығын таныту, Абай болмысын ашу, бүгінге жеткен Абай бейнесін таныстыру мақсатында ұйымдастырлған шараның жетекшісі кітапхана қызметкері Айнұр Мұратқызы болса, эфир тізгінін кітапхананың тұрақты оқырманы, жас Абайтанушы Айым Алтайқызы жүргізді. Ал эфир қонағы - кино және театр актері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Болат Әбділманов.

Жас жүргізуші әңгімені «барлығымыз Абайдың оқырманымыз, көрерменіміз. Ал Абайдың өзі болу, сөзі болу қандай сезім? Жалпы Абайдың бүтін болмысын тануда Абай бейнесі десек көз алдымызға сіздің бейнеңіз келеді. Абай үні десек, құлағымызға сіздің даусыңыз келеді. Сондықтан ұлы тұлғаның образын аша алған актер ретінде алғашқы сұрағымды осы Абай рөліне қатысты қойғым келіп отыр.  Ең алғаш рет Абай рөліне 30 жасыңызда бекітілген екенсіз. Сол кездегі сезім, дайындық қалай болды? Сол естелікпен бөліссеңіз» деген сұрақтан бастады.

Бүгінгі осындай ұлы күні тікелей эфирге шақырып, ұйымдастырып отырған кітапхана қызметкерлеріне алғыз білдірген актер алғашқы Абай рөлін сонау 90-жылдары ойнап бастағанын айтты.

«Біз поэтикалық спектакльдердің атасы деп аталады, марқұм болып кетті, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Райымбек Сейтметов ағамыз Абайдың өлеңдерінен және қара сөздерінен құралған «Қалың елім, қазағым» деген поэтикалық спектакль қойған. Сонда сол жерде аға Абай деген рөл болды, соны маған берген еді. Сол ең алғаш 30 жасымда сол аға Абайдың рөлін ойнадым. Ол кезде керемет дайындығым болды деп айта алмаймын. Енді Абайды кәдімгі өздеріңіз сияқты мектепте оқып жүргенім бар, қара сөздерін жаттап жүретінбіз. Сонда түсінгенімше сол Абайдағы алғашқы баспалдағы болды десем де болады. Жалпы маған ол кезде көмектескен, әрине, Райымбек Сейтметов ағамыздың көп көмегі болды. Жалпы театрда көрермен жылы қабылдады. Оның алдында мен шалт қимылдап, сондай батырлардың рөлін ойнап жүретінмін. Жастардың рөлін ойнап жүретінмін. Ал сол кезде аға Абайдың рөлін бергенде кәдімгідей қобалжып, қиналып, сондай алғашқы сезім болды», - деді Болат Әбділманов.

Сондай-ақ, актер «Абай образы Болат Әбділмановқа не үйретті?» деген сұраққа тереңінен толғады. Оның айтуынша, Абай образынан көп нәрсе үйренген.

«Жалпы, актерді әрбір рөл тәрбиелейді деп айтады. Шынында да Абай рөлі жалпы ізденуге, еңбектенуге, содан кейін әр уақытта өзінің шыққан биігіне сондай бір тоқмейілсімеу, білген сайын біле түссем екен деген құштарлық, актер ретіндегі ізденістер, Абайдың өзінің өлеңдерін, қара сөздерін оқу өте қиын. Жалпы жас кезде қиын. Оның оралымы, оның мағынасы, оның астары да тереңде жатыр, соны білуге тырыстық. Содан кейін Абай рөлінде Абай өзінің бүкіл философиясында, жүрек, ақыл, қайрат, білім, барлығын жүрекке бағындырады. Абай айтады, адам ойлайды миым ойлап тұр деп. Иә, ми ойлайды, бірақ шешім шығаратын ми емес, жүрек таразысы дейді. Жүрек осының бәрін қалай танып, қалай сезінеді. Содан кейін жүрекпен жұмыс істеу, сезіммен жұмыс істеу, яғни жүректі таза ұстау. Таза ұстау деген не? Абайдың өз өлеңінде бар: «Жүректің көзі ашылса, қыраттың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, адамның хиқмет кеудесі» дейді. Адам баласы жақсылық жасаған сайын жүрек жұмсарады. Жүрек жұмсарған сайын иманы күшейеді. Иманы күшейген сайын Аллаға жақындайды деген Абай. Сондықтан да жүректі таза ұстау, оны кірлетпеу, ол қай мамандық үшін де керек. Біздің Әзірбайжан Мәмбетов деген ақсақалымыз айтатын, «жүрегі қатыгез адамның сахнаға шығуға қақысы жоқ» деп. Қазақта мақал бар ғой, «жаманның кегі басы жерге  жеткенше, жақсының кегі шәй орамал кепкенше» дейді. Адам пенде болғаннан кейін біреуге ашуланады, ренжиді. Бірақ соның бәрін жүрекке салынады. Арқаңа салып алып, сонымен өмір сүруге болмайды. Қалай өкпеледің, солай ұмыту керек. Сол адамның орнына өзіңді қойып көру керек. Яғни сен біреуден жасаған қиянатың үшін, көңілін қалдырғаның үшін кешірім сұрай алсаң, онда сен дұрыс жолдасың», деді актер.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі А.Чехов атындағы балаларға арналған қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тікелей эфир өтті. Балаларға Абай шығармашылығын таныту, Абай болмысын ашу, бүгінге жеткен Абай бейнесін таныстыру мақсатында ұйымдастырлған шараның жетекшісі кітапхана қызметкері Айнұр Мұратқызы болса, эфир тізгінін кітапхананың тұрақты оқырманы, жас Абайтанушы Айым Алтайқызы жүргізді. Ал эфир қонағы кино және театр актері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Болат Әбділманов.