Бала адамның бауыр еті. Бірақ, ол қоғамның болашағы. Отанымыздың байлығы. Анығын айтсақ, бүгінгі арманымзды ертеңгі уақытқа жеткізетін тұлға деп қарамай келе жатқанымыз да шындық...
Біз балаға көзқарасымыз немқұрайлылау боп барады. Неге? Өсіп келе жатқан балаға ұлттық көз қарасымыз өте төмен. Олардың жан-дүниесіне үңілмейміз де. «Тамағы тоқ, киімі бүтін» сабағына барып жүр, үйірмеге барса, ақшасын төлейміз. «Одан артық ойлағымыз да келмейді. Аула мәдениеті деген мүлдем жоғалып барады. Көрші, қарым-қатынас дегенді білмей барамыз.
Аула мәдениеті деген не? Ол үйдегі кілеміңіздің шаңын қағу ғана емес. Ол үлкен саясат. Ол үлкен тәртіп. Аулада арақ ішкен, төбелескен мас адамдар. Ол балаға қандай үлгі көрсетеді. Аула мәдениеті дегеніміз болашақ ұрпақтың босағадағы тәртібінің негізі.
Ойлап қараңыз... Бала сабақтан келді. Үй тапсырмасын мұқият орындады. Одан кейін көкжәшіктің алдына отырады. Әр арнаны бір ақтарады. Зорлық-зомбылық, жасыратыны жоқ, ұят болса да айтайын, эротикалық мазмұнда фильмдер кездесіп қалатыны шындық қой. Бала әр нәрсеге әуес болады. Ол табиғи заңдылық.
Жақында мен Қырғыз елінде бір апта болдым. Көптеген ақын-жазушылармен араластым. Олардың Қазақ еліне қызығушылығын, Астанамызға деген құрметін кеңірек бір әңгімелермін.
Бір күні мені қырғыз досымның қайын жұрты қонаққа шақырды. Дастархан басына отыра бергенімізде, қазақ әншілері яғни «Меломан» тобы ән сала бастады. Клип керемет. Әннің атын білмеймін, бірақ айналсы 5 миунтта қазақ халқының жастарының аса мәдениетті екенін көрсетеді. Үлкендерден бата алу деген, ең соңында жастар Ескендір ағамыз бен Дарико жеңгемізден бата алады. Рухым өсіп қалды. Тәрбиелік маңызы зор клип. Ұлт мақтанышы.
Мол дастархан басында отырып, қырғыз елінде белгілі дәрігерлер отбасындағы, бүгінде, зейнеткерлер әңгімесін тыңдадық.
– Сіздердің президенттеріңіз Нұрсұлтан Әбішұлы жүргізіп отырған саясат керемет. Қазақты әлем таниды бүгінде... Тіл-көзіміз тасқа, көршіміз бейбіт өмір сүріп жатса, неге қуанбасқа?! Жақында Қазақ елінде тұратын зейнеткер досым Қордайға құдалыққа келгесін, бәйбішемді алып, амандасуға бардым, – деді Сұлтан байке – Сонау Ақжайықтың жағасынан келген Айдашев досыммен Мәскеуде білім жетілдіруде танысқанмын. Ашық-жарқын білімдар азаматпен әңгіме барысында ел жаңалықтарының ішінде депутат Зағипа Балиеваның ізгілікті жұмыстарын айтты. Балалар асырап алып, қамқорлығын көрсетумен қатар, «Балаларды қорғау» қозғалысын бастапты. Отбасының зорлық-зомбылығы, педофильдерден қорғау... т.б. келеңсіздіктерден баланы сақтау, болашағына қамқор болу – деп үлкен кісі айтқанда мен ойланып қалдым.
Расында... Баланы қорғау депутат Балиева ханымға ғана керек пе?
Астанаға келе сала ойланып жүрмін. Біздің кино не боп жатыр? Аулалық спорт дамыды ма? «Балапан» телеканалы не көрсетіп жүр? Эфирдің бәрі талапқа сай келмейді деуге моральдық құқығым жоқ. Дегенмен, балалар үшін зиялы қауым неге сол каналға жақындамайды. Өз өмірінің тарихынан үлгі боларлық 5 минуттық әңгіме айтып беретін аға-апаларымыз қайда? Бәрі бір күнде министр, ауыл, аудан басшысы бола қалған жоқ қой. Осындай он шақты жыл бұрын бір Корей жазушысының «Арман ұрлаушы» деген шағын әңгімесін аударғаным бар еді. Екі беттік әңгімеде үлкен мағына бар еді. Қысқаша мазмұны былай. Мұғалім тақтаға болашақ фермерінің суретін салған оқушысына ұрсып-ұрсып сүртіп тастайды. Арада жылдар өтеді. Бір күні жоғарғы жақтан «нұсқау» келеді. Аймақ бойынша ең таңдаулы фермада балаларға ашық сабақ өтсін деген. Шәкірттерін алып барса, баяғы армандаған фермасының суретін салған шәкірті. Ұстазы ұялып кешірім сұрайды. Ал, бізде тәуелсіз ел болсақ та совет дәуірінен қалған бір дәстүр бар. «Мұғалім всегда прав» деген. Мен мысал үшін ғана айтайын. Өзім «бұзықтау» бала боп өстім. Еститін сөздерім «Әй, Кеңесбаев сен адам болмайсың», «Есалаң, қайыршы», «Оңбаған, оңбайсың ғой...» Сонау, 90-жылдары тұңғыш кітабым шықты. Оның алдында республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты болғанмын. Бір күні көшеде келе жатсам, алдымнан математика пәнінен сабақ берген адам шықты. Әбден тозған. Жүдеу. «Әй, Кеңесбаев сен кітап шығарыпсың оқыдым. Сенің жазғаныңа сеніңкіремей тұрмын. Шыныңды айтшы. Ешкімге айтпаймын. Өзің жаздың ба?» Қаным басыма тепті. Көршім жазып берді дедім. Жерден жеті қоян тапқандай қуансын. Сенің кітабымды көршің жазып бергенін ешкімге айтпау үшін ауызбастырық сұрап алды. Әрине, бас жазуға... Міне-образ... Трагедия...
Ұзақтау болса да осы әңгімелерді қозғағаныма кешірім өтінемін.
Бірде қала шетінде коңыр тірлік кешіп жатқан адамдардың баласы «соңғы» қоңырау кешіне бармайды. Неге? Өйткені, аяғына киетін киімі жоқ. Тұрмыс қиындығы... Бала сол күні базарға барып, арба сүйреп ақша табуға кіріседі. Түстен кейін арба сүйретіп жүрген баланы мұғалімі көріп қалады. Тоқтатып алып, тілдейді. «Соңғы қоңырауға» қатыспаған баланы «ең бұзық» бала қылып шығарады. Осыны ести сала, ақын Мақсат Әубәкіров екеуміз жігіттерді ұйымдастырып, бір қабат киім алып бердік. Сол кездегі жас арманшыл баланың қуаныштан жылай алмай, «Ағаларым-ау, бір күн бұрын қайда болдыңыз?», – деген сөзі әлі күнге дейін құлағымда...
Иә, өмірде осындай мысалды әрқайсымыз айтып бере аламыз. Бәріміздің де жүрегімізді мазалайтын ойлар көп. Өте көп...
Сөзімнің соңында айтарым.
Ұлтымызға жанымыз ашуымыз керек. Жас ұрпақты көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Білімді, дені сау, жаны сау ұрпақ ұлтымыздың басты қауіпсіздігі. Болашағы. Балалардың болашағына бәріміз алаңдауымыз керек.
Мәжіліс депутаты Зағипа Яхянқызы Балиева қозғап отырған ізгілікті бастама кеңейе бәрсін деп тілейік.
Атсалысайық. Бала болашағы ұлтымыздың қауіпсіздігі. Ойланайық. Тереңірек ойланайық.
Бала Балиеваға ғана керек пе?..
Талғат Кеңесбаев
Ұлт порталы