Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлы Ертаев Қарулы күштердің 30 жылдығымен құттықтап, өзінің әскери өмірінің естеліктерімен бөлісті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бақытжан Ертаев жоғары командалық құрамның барлық сатысынан өткен. Ол ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ҚК Бас штаб бастығының бірінші орынбасары, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы қызметтерінде болған. Ауған соғысының ардагері.
1952 жылы 25 шілдеде Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Кеңес ауылында туған. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны, РФ ҚК Бас штаб Әскери академиясының 4 айлық курсын бітірген.
ҚР «Халық қаһарманы» мен Алтын жұлдыз белгісі, Отан орденінің иегері және Қызыл Жұлдыз ордені, «Үздік жауынгерлік қызметі үшін», «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан» және тағы басқа медальдармен марапатталған.
«Бүкіл Қазақстан елін, Отанымыздың халқын, сарбаздың ата-аналарын, сарбаздарды, әскери сапта тұрғандарды бәрімізді Қарулы күштердің 30 жылдығымен құттықтаймын. Бұл мереке бәріміздің мерекеміз. Себебі сарбаз елімізден, Отаннан шыққан. Біз Отанның сарбаздарымыз. Отан қорғау күшіміз. Сол себептен бұл жалпы бәріміздің мейрамымыз. Елімізге тыныштық, біз батыр халықпыз, батыр халықтың көтерер туымыз мәңгілік болсын, шегелеген шекарамыз мәңгілік болсын. Кең байтақ жеріміз тұтас болып, көп ұлтты еліміз тату болсын. Осы қасиетті, бірлікті сақтайтын, тыныштықты қорғайтын сарбаздар. Сол себепті біз Отан қорғау сабындамыз. Біздің, біздің сарбаздарымыздың Қарулы күштеріміздің 30 жылдығы.
Тарихсыз ел де болмайды, тарихсыз қарулы күштер де болмайды. Тарихымыз бар. Біз Отанымызбен бірге сапқа тұрдық, Отанымызбен бірге өсіп-өндік. Өсіп-өніп келе жатырмыз. Міне, Отанымыздың 30 жылдығын атап өттік. Енді Қарулы күштердің 30 жылдығы. Әрине, қиынсыз жеңіс болмайды, қиыншылықсыз жақсылық болмайды. Қиыншылық болды. Тауға да шықтық, құзға да түстік. Бірақ мынау біздің қазақ еліміздің Отан сүйгіштігі, патриоттығы, абзал бабаларымыздың бізге айтып кеткен сөздері жүректе де, құлақта да тұрады. Сол себепті қарулы күштер тәй-тәй басып, отанмен бірге тіке тұрды. Мұның бастамасында әрине, бірінші президентіміз, Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Бірінші қарулы күштерінің төрағасы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Кеңес батыры болды», – деп еске алды ҚР «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев.
Ол Комитет төрағасы Сағадат Нұрмағамбетовтың кабинетінде болғанын, екеуара әңгімелерін еске ала отырып, Қазақстанның өз Қаруды күштерінің қалай құрылғаны туралы да әңгімелеп берді.
«Біздің қарулы күштеріміз тұратын, болатынына көзім жетті. Сағадат Нұрмағамбетовпен сөйлескенде, ол менімен өз баласындай, тіпті қалай ақыл да сұрап, менің Ауғанстанда болғанымды бәрін біледі екен. Оның бәрін айтып, «Бақытжан отыр, екеуіміз біраз әңгімелесейік» деді. Сонда тіпті әкем қасымда отырғандай болды. Менің осы шаршағандай болып, жүрегім ауырғандай болып жүрген кездер артта қалып кетті. Сол себептен біздің пешенемізге жазылған Сағадат Қожахметұлы талай-талай жоқ дегендерді болдырды. Бұрын Кеңес кезінде қару-жарақтың бәрі қалды, өзіміз бар, аспаннан түскен жағдай жоқ, бірақ өзіміз жаңадан қарулы күштер құратындай әңгіме шығып жатыр. Біздің Тұңғыш президент, қолбасшы қазір Белоруссия үлгереді, күтеміз деді. Сол мамыр айы, ұйқы жоқ. Ол кезде біз ұйқы дегенді мүлде ойламаймыз. Айлық па, қай жерде тұрып жатсың, ондай мүлде әңгіме жоқ. Мен Германияда пәтер тауып алып, тұрдым. Бәріміз ойымызда не болады деген ой, бірақ сенім бар. Ал енді Сағадат Қожахметұлы министр, Комитет бастығы болғаннан кейін әрине, біздің потенциалымыз, болашағымыз бар екеніне көзіміз жетіп отырды. Бірақ бәріміз күн-түні қалай болар екен деп күте бастадық. Хабар келді, ал жігіттер, құттықтаймыз, Президенттен хабар келді, біз өз Қарулы күштерімізді құратын болдық деді. Содан сол сөзден басталып кетті. Ал не керек, қандай проблема бар? Ең бірінші проблема кадр проблемасы болды. Көбісі өз еліне жүгін жинап кете бастады. Сондай проблема болғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлымен сөйлесіп тұрғанда ол кісі қандай проблема барын сұрады. Көбісі өз еліне жиналып жатыр, өз еліне ынталанып жатыр дедік. Ол кісі «Жоқ, ер бала антты бір-ақ рет алады» деді. Осы сөз бүкіл әскери саптарға тарады. Көп офицерлер қайтып келді. Ресейден, Украинадан көп офицерлер біз екі рет ант алмаймыз деп қайтып келді», – деп еске алды ҚР «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев.
Міне, Бақытжан Ертаев та сол антпен әлі жүр. Оның айтуынша, кешегі ант пен бүгінгі антың айырмашылығы жоқ. Анттың бәрі – Отан қорғау. Енді мәселе кадрларға сапалы білім керек болады. Бұл мәселенің қалай шешілгені туралы батырдың өзі былай дейді.
«Сөйтіп біздің Қазақстанымыз тәй-тәй басып, әскери кадрлар жинала бастады. Енді оған білім керек болды. Қайда дайындаймыз. Сөйтіп мені уақытқа әскери дайындық оқу орнына қойды. Мен өзім сапқа, әскери полигонға асығып жүрмін. Мен саптамын, бірақ бұның керек екенін білдім. Абай төраға болды, сомен бастап кеттік. Сағадат Қожахметұлы «барып бір аралап келші, мына Ақтөбеде ұшқыштар училищесін қалай ашайық, қалай дайындық, қандай ой бар дегендей» деді. Ақтөбеге барып, звондадым. «Өзің қалай қарайсың, мен Луговойды ойлап едім, бірақ өзің сол Ақтөбеден баста» деді. Сөйтіп әскери дайындығымыз сол жерден басталды. Бір күні Сағадат Қожахметұлы «Бақытжан, сенің басың салбырап кетіпті ғой, не болды? Мен білем, сен әскер сабын сағындың» деді, «мен полигонды сағындым, сарбаздарды сағындым, палатканы сағындым» деп едім, күліп жіберді. «Жарайды, бір күннен кейін айтамын» деді. Бір күн ұйқы жоқ. Барар ма екем, сарбаздарды көрер ме екем, танкіні көрер ме екем деп ұйқы болмады. Ертесіне келдік. «Ал қалай барасың ба, қайда барасың» деді? Қай жерге жіберсеңіз де барамын, бәрі менің елім дедім. «Дұрыс, Сарыөзекке барасың, әзірше» деді. Қуанып кеттім. Мен әскер сабында қатты мақтамаймын, бірақ сарбазды көрсем сұраймын, оның шеберлігін қадағалаймын. Әскери адам, Отан алдында ант алған адам, Отанды тілмен емес, жүрекпен сүю керек. Киімімен мақтанбау керек, өзінің шеберлігімен мақтану керек. Біз Отанға мәңгілік парызбыз, Отанға қарызбыз, себебі оның перзентіміз. Біз Отан алдында сарбазбыз. Ер болып дүниеге келдің ба, Отан алдында ант ал, Отанға кірпік қақпай жан беруге дайын болуымыз керек. қазіргі біздің қарулы күштеріміз мықты, мен қарулы күштермен мақтанамын», – деді ҚР «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев.
Естеріңізге сала кетейік, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлы Ертаев Қарулы күштердің 30 жылдығымен құттықтап, өзінің әскери өмірінің естеліктерімен бөлісті.
Бақытжан Ертаев жоғары командалық құрамның барлық сатысынан өткен. Ол ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ҚК Бас штаб бастығының бірінші орынбасары, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы қызметтерінде болған. Ауған соғысының ардагері. 1952 жылы 25 шілдеде жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Кеңес ауылында туған. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны, РФ ҚК Бас штаб Әскери академиясының 4 айлық курсын бітірген.
ҚР «Халық қаһарманы» мен Алтын жұлдыз белгісі, Отан орденінің иегері және Қызыл Жұлдыз ордені, «Үздік жауынгерлік қызметі үшін», «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан» және тағы басқа медальдармен марапатталған.