17 қар, 2017 сағат 11:12

Бақыт Сұлтанов 65 миллион еуро тұратын пәтер жайлы: "Кімнің сатып алғанын табамыз"

ҚР Үкіметіндегілер әзірше 65 миллион еуро тұратын пәтерді кімнің сатып алғанын айта алмай отыр, - деп хабарлайды КТК.

Вице-премьер Ерболат Досаев журналистерден жасырынуды жөн көрді.

"Не туралы айтып жатқандарыңызды түсініп тұрған жоқпын. Ол мәліметті ешкім растаған жоқ. Мен де білмеймін. Ол сіздер өсекке сеніп жүрсіздер", - деп жауап берді вице-премьер.

Ал қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз кезегінде қымбат мүлік жайлы естігенін бірақ оның иесі кім екенін білмейтінін айтып отыр. Айтуынша, қоластындағы қызметкерлер міндетті түрде тексеріс жүргізеді.

"Біз де бұл туралы шетелдік дереккөздерден, сондай-ақ, сіздерден, журналистерден, естідік. Мемлекеттік кірістер комитеті жайлы айтатын болсақ, олар жыл сайын сыртқы есепшотты және декларацияларда көрсетілген шетелдегі мүліктерге қатысты мәліметтерді тексеріп отырады. Пәтерді кімнің сатып алғанын сол декларациялар бойынша іздестіретін боламыз", - деді министр.

"Бәріміз естідік. Бір риэлторлер Үкіметтің өкілі сатып алды деген. Салық жүйесінде халықаралық ақпарат алмасу туралы шарт бар. Тиісті сұрауды жібердік", - деді Сұлтанов. 

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Mansion Global жылжымайтын мүлік халықаралық агенттігінің сайтында Қазақстан үкіметінің ресми өкілінің Парижден пәтер сатып алғаны жайлы мәлімет пайда болған еді.