30 там, 2019 сағат 09:52

«Бақыт іздеп, барынан айырылған Айдана»

Қуанышы мен шаттыққа толы отбасы, күлімдеген бала күлкісі, айрандай ұйыған шаңырақ.  Айдана (есімі өзгертілген) дәл осылай шаттық пен бақытқа толы отбасының қамқоршы анасы болып өмір кешіп жүреді. Жеке кәсіппен айналысып отбасының бар қажеттілігін өтейді. Жолдасы тәртіп сақшысы болып қызмет жасайды.

Күндердің бір күні  Айдана намаз оқуға ниеттеніп, қайын ағасына барып, намаз оқуды үйренеді. Алайда уақыт өте жолдасы ішкілікке салынып, қыдырысы көбейіп отбасының берекесі кетеді. Бұл жағдайдан әбден мезі болған Айдана намаз оқитын адамға ішуге, жаман әдеттер жасауға болмайтындығын біліп, қайын ағасына барып көмек сұрайды. Қайын ағасы інісіне екі апта уақыт ішінде намаз оқытып, түзу жолға бастап жібереді. Айдана жолдасының жаман әдеттерден тыйылғанына қатты қуанады.  Жолдасы уақыт өте біраз сауаттанып Айданаға хиджаб кию керектігін айтқан. Айдана бір жылға жуық қарсылық танытқанымен, кейін ұсынысын қабылдап, хиджаб киген.

 Екеуі де алғаш дінге бет бұрғанда бес уақыт намаз оқып, ораза ұстаумен ғана шектелген. Уақыт өте  келе жолдасы діндар жамағаттармен араласа бастаған. Жамағатпен бірге құран оқып, уағыздар айтып жиналатын. Ол уақытта Қазақстандық кітаптар аз болғандықтан араб және дағыстандық кітаптарды оқыған. Қазіргі уақытта ҚР тыйым салынған «Үш негіз» бен «Төрт қағида» кітаптарын да оқыған.

Жолдасы түрлі жамағатпен араласып, шеттен жинаған ілімімен өзін сауатты адамдардың қатарына жатқызып,  2004 – 2005 жылдары «джиһадқа» шығу керектігі туралы өз ойын айтып қалатын.  Бірақ Айдана  қарсылық танытқан. Кейін бұл тақырып туралы мүлде айтылмай кеткен. 2012 жылдан бастап жолдасы түнгі 4-5 шамасында үйге оралатын болған. Себебін сұрағанда «браттармен», «амирлармен» кездестінін алға тартуды шығарған. Жолдасы ер адамдармен жүргендіктен Айдана да аса мән бермеген. 2013 жылы жолдасы ноутбук сатып алып, таңнан кеш батқанға дейін әлеуметтік желіден бас көтермеуді әдетке айналдырған. Не қарайтынын сұраған Айданаға аса маңызды нәрсе емес деген жауаппен ған шектеліп, еш нәрсені ашып айтпайды.Жолдасы ноутбуктің қызығына батып жатқан уақытта Айдана жеке кәсібін дамыту үшін күні-түні еңбек ететін.

2013 жылы Айдананың күйеуі, қайын ағасы мен досы өздерінің қолданыстағы автокөліктерін сатып Қырғыз мемлекеті «Бішкек» қаласына жол тарқан. Сол кеткеннен бірнеше уақыт хабарсыз кетеді. Ал Айданаға тіпті жаман ой да туындамаған. Бірнеше күн өткен соң жолдасы Түркия мемлекетінен хабарласып, Сирия өңіріне бару керектігін айтып, Айданаға Қазақстанда қалып  екінші рет тұрмысқа шығуына рұқсат беремін деп, күтпеген жаңалық айтады. Арада екі апта уақыт өткен соң жолдасы Айданаға қайта қоңырау шалып, «Сирияға барлығы Халифат құру үшін отбасымен, бала-шағасымен келіп жатыр, сондықтан сен де кел»,-деген ұсыныс тастайды. Айдана  әлеуметтік желілерден Сирия туралы бейнероликтерді, ойын баласы мен бақытты елде өмір сүріп жатқан әртүрлі шақыртуларды көріп өзіде елеңдеп тұрған кез еді. Жолдасының шақыртуын қабыл алып  ойланбастан 6 баласымен Айдана да Сирия өңіріне кетуге бел буады. Осы сәтте Сирия өңіріне баруға 2 баласы қарсылық танытып бармай қалған. Айдан қалған 4 баласын алып соғыс болып жатқан аймаққа аттанып кетеді. Соғыс аймағында тағы 1 баланы дүниеге әкеледі.

Ол жаққа барғанда бейнероликке түскен адамдарды бетпе-бет көргенде алданғанын енді ғана түсінеді.Үй тегін, жарық тегін, су тегін. Барлығы да балдай өмірді елестетіп келген адамдардың барлығы алданғанын барғанда ғана білген.

Он жастан он бес жасқа дейінгі балаларға құран, ақида, араб тілі, және жекпе-жек өнерін (боевое искусство)бастан-аяққа дейін, қалай өлтіру керек, қалай ату керек, қалай жару керектігін үйретеді. Айдан өзінің 10 жасар  баласын бірнеше айлап көрмеген. Айдананың 10 жастағы баласы барлық қару жарақты қолдануды, түрлерінің барлығын жақсы меңгерген. Осындай дайындықтан өткен бала 15 жасқа толған соң басшылары қай жаққа джиһадқа шығу керек десе, сол жаққа баруға міндеттісің деп саналарына сіңіреді.

Айдана Сирия өңіріндегі беретін діни ілімдер, идеологиялары мықты болғандығын айтты. Ол жаққа барғандардың көбісі құраннан жалпы діннен хабары жоқ болғандықан дәріс бергендердің сөздеріне қарсылық танытпай, мынау құраннан мынау сүннеттен алынған деген ұстаздарының сөздеріне сенуден басқа амалдары жоқ.

Кейбір Қазақстандықтар Халифтың (басшының) берген тапсырмасын ғана орындап жүрміз, біз оны шын мәнісінде кім екендігін көргісі келетіндігін айтқаны және  арабтардың кейбір үкімдеріне қарсылық танытқаны үшін 3 әйелді, 4 баланы барлығы 19 Қазақстандықты тұрып жатқан үйлерінде жарып жіберген.

Сонымен қатар қарсылық танытпай өз еркімен келген асыраушысыз қалған әйелдерде тұрмысқа шығу өздерінің еркінде. Алайда бір әйелдің бірнеше рет тұрмысқа шығуға тұрмыстық жағдай, бала –шағасын асырау қиындықтар мәжбүрлейді.

Ал тұтқындағы әйелдерде ондай ерік болмаған. Оларды қалаған адамдарға сатқан, бір-біріне зат ретінде сыйлыққа берген.

Айдана Сирия өңірінен қашып шығу үшін бір баласы, келіні және немересі яғни, төртеуі жоспарлаған. Ол кезде баласы 18 жаста. Тіпті баласы ол жерден кететіндігін айтқанда, әскерлер  «хауаридж» және «таквир» деп бірнеше рет түрмеге де қамаған. Бейбіт тұрғындарға соғыс аймағынан шығу үшін ақылы. Ересектерге адам басына 7000, балаларға 3000-4000 доллар көлемінде ақша сұрайды. Ондай ақша ешкімнің де қалтасынан табылмайтыны белгілі.

Күндіз түні аспанда әуе зымырандары ұшып, барлығын жарып, жойып жатқанын көргенде Айдана тірі қалатынына сенімін жоғалта бастап еді.Ол жақтағы бейбіт тұрғындардың барлығы аман сау қалатындықтарын білмегендіктен  ұйқыға кетерде тілдерін кәлимаға келтіретін. Осындай ала сапыранның бір күні Айдана тұрып жатқан үйге бомба түсіп, он адам қайтыс болып, Айдананың немересі, тағы санаулы  адамдар ғана тірі қалады. Осы жарылыстан Айдана үйінді астында қалып қолы сынып, бас сүйек-ми жарақатын алады.

Шариғаттың тұнығын, әділдік пен рахат өмірді көксеп  барған мекенінде Айдананың 5 баласын,  1 немересін, жолдасы мен  күйеу баласын жұлып алып, о дүниеге аттандырды. 

Ия, бұндай зұлматты ешкімнің басына бермесін. Бір өкініштісі арабқа тұрмысқа шыққан қазақ әйелдері мен жетім қалған балаллардың әлі де сол жақта қалғаны жүрегімді сыздатады дейді Айдана.

Айналайын қарагөз қазағым! Бөтен елден бақыт іздеп барыңнан айырылғанша, бейбіт еліңде, шаттыққа толы шаңырақ астында өмір кеш...

Жетпісбай Назерке Жетпісбайқызы

Оңалту орталығының Әйелдер ісі жөніндегі теологы