26 нау, 2019 сағат 19:53

Бағлан Ибрагимов самбодан әлем кубогының жеңімпазы атанды

Ресей астанасы Мәскеу қаласында ерлер мен әйелдер арасындағы әскери самбодан және самбо күресінен «А. Харлампиев мемориалы» әлем кубогы өз мәресіне жетті. 

Турнирге 33 елден 250 спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде 52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған спортшымыз Бағлан Ибрагимов 1-орынды иеленді, - деп xабарлайды "Спортты дамыту дирекциясының" баспасөз қызметі. 

Отандасымыз бірінші белдесуінде қырғыз палуаны Иманбек Тентиевті ауырту әдісімен таза жеңді. Түркімендік Мұxамедмұрат Бабековпен кездесуінде де дәл сол әдісін пайдаланып, жеңіске жетті. Финалда ресейлік Алексей Клюкинмен белдескен балуанымыз қарсыласынан ұпай саны жағынан басым түсіп, өзінің мықтылығын дәлелдеді. 

Сондай-ақ Қайыргелді Айдынбай (57 кг) 3-орын, Парасат Жұмабай (62 кг) 3-орын және жауынгерлік самбодан Темірлан Уразов (57 кг) 3-орынды жеңіп алып, командалық есепте ерлер құрамасы екінші орынға табан тіреді. Ал әйелдер арасында Ділдәш Күрішбаева (68 кг) 2-орын, Айнұр Ақжігітова (78 кг) 3-орын иеленіп, әлем кубогының жүлдегерлері атанды.