ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин жеке куәліктен, жүргізуші куәлігінен және көліктің техникалық паспортынан бас тартып, оның барлығын телефондағы қосымшаға ауыстыруды ұсынды. Бұл туралы ол Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы сөзінде айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
"Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге тұрғаны жайлы қызғыл түсті куәлік болатын. Жылжымайтын мүліктің мемлекеттік тіркеуге қойылғаны жайлы да куәлік болды. Енді олар қазір жоқ. Қазір қандай да бір мәлімет керек болған жағдайда, базаға кіріп қарай аласың. Мен жеке куәлік, жүргізуші куәлігін, сондай-ақ, көліктің техникалық паспорты сияқты құжаттарды алып тастауды ұсынамын", - деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, осы құжаттарды шығаруда үнемдей отырып, еліміздегі бүкіл халықты смартфондармен қамтамасыз етуге болады.
"Қазақстандықтар өзімен бірге ұялы телефоннан басқа ештеңе ұстамайды. Осы құжаттардың әрқайсысын шығарғаннан гөрі әр тұрғынға смартфон алып берген арзанға түседі. Смартфонның өз бағасы 5-10 мың теңге. Соларды өз бағасымен алатын болсақ, әрбір адамға смартфон алып беруге болады. Бірақ енді МАИ қызметкерлеріне адамдар ұялы телефоны сөніп қалды деп айтпас үшін өзімен бірге батареялар алып жүруге тура келеді. Сөйтіп ол "міне, саған батарея" деп айтады, - деп әзілдеді Мусин.
Сонымен қатар, Бағдат Мусин мемлекеттік органдарда смартфондар қолдануға тыйым салуға қарсы екенін айтып өтті. Оның айтуынша, ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудің басқа да әдістері бар.