Бағдат ауруханасындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың саны кемінде 82 адамға жетті, тағы 110 адам зардап шеккен. Бұл жайында Baghdad Al Youm жаңалықтар порталы Ирак ІІМ ресми өкілі, генерал майор Халед әл-Михнаға сілтемемен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ибн әл-Хатыб ауруханасындағы өрт 82 адамнң өмірін жалмады, 110 адам, оның ішінде пациенттер де, пероналдар зардап шекті. Зардап шекендердің арасында жағдайы өте ауыр адамдар да бар», - делінген ресми өкілдің мәлімдемесінде.
Бұған дейін сенбінің кешінде Бағдат қаласындағы коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған ауруханадан өрт шығып, салдарынан 45 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.
Бағдаттың оңтүстік-шығысындағы Ибн-әл-Хатыб ауруханасындағы өрттің шығуына оның екінші қабатында орналасқан жансақтау бөліміндегі оттегі баллондарының жарылуы себеп болған. Екіқабатты ғимарат толық өртеніп кеткен. Өртті сөндіруге 30-ға жуық жасақ жұмылдырылған. Куәгерлердің айтуынша, өрт басталғанда, дүрліккен адамдар ғимараттан шығатын жер іздеген. Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметінің соңғы мәліметтері бойынша, сол кезде ауруханада шамамен 200 адам болған.
Ирак елінің Премьер-Министрі Мұстафа әл-Казыми оқиғаны жан-жақты тергеуді бұйырды, бүкіл елде үшкүндік аз тұту жарияланған. Аурухананың бас дәрігері, қауіпсіздік қызметінің бастығы және госпитальдің техникалық қауіпсіздігіне жауапты тұлғаның ұсталғаны белгілі болды.