Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Екатеринбургтегі әлем чемпионатына қатысатын спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлады Olympic.kz.
Олардың қатарында 81 келідегі Азия чемпионы Бек Нұрмағамбет пен 75 келідегі әлем чемпионатының жүлдегері Әбілхан Аманқұл жоқ. Бас бапкер аталған боксшылардың жарақатынан толық айықпағанын мәлімдеді.
«81 келідегі Бек Нұрмағанбет Азия чемпионатына жарақатымен қатысқан болатын. Құрлық біріншілігінен соң оның аяғына ота жасалды. Сол себепті, Бек әлі толығымен қалпына келген жоқ. 75 келідегі Әбілхан Аманқұл Президент кубогықарсаңында жарақат алды. Екі боксшы да құраманың жаттығу жиынына қатысты. Бірақ жарақатын асқындырып алмау үшін оларға көп салмақ түсірмедік. Екеуінің қатарға қосылуына әлі біраз уақыт керек. Ал 81 келіде Қазақстан атынан Бекзат Нұрдәулетов бақ сынайды. Ол бұрын 91 келіде жұдырықтасқан жігіт. Биылғы Президент кубогының финалына дейін жетті. 75 келіде Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметке үміт артамыз», - дейді Ғалымбек Кенжебаев.