01 қаз, 2018 сағат 08:27

"Әзірет Сұлтан" қорық-музейі қалай өзгермек?

Елбасына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспарын таныстырдым.

Бүгін біз Қазақстандағы ең қасиетті жер - Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат еттік. Бұл - 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар Тізіміне енген бірінші тарихи нысан. Мұнда жылына миллионнан астам турист келеді, олардың 34 % - шетелдік қонақтар. Туристер легі соңғы жылдары 40 % өсті.

Мемлекет басшысының тапсыруымен біз халықаралық жетекші сарапшылардың қатысуымен Израиль, Испания, Ұлыбритания, Индия, Түркия және тұжырымдамасы біздің «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына сәйкес өзге мемлекеттердің бүкіл әлемге танымал тарихи кешендері жұмыстарының тәжірибесін жан-жақты зерттедік.

Олардың ішінде - жылына 7-10 миллионға дейін турист келетін Осман империясының аса ірі музейі - «Топкапы» сарайы, территориясында Оттоман империясының тарихи тұлғалардың 6 кесенесі мен 3 мыңға жуық қолжазба сақталған Түркияның тарихи кешені - Мевлана мұражайы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміндегі Иерусалим және өзге де көптеген нысандардың тәжірибесі зерттелді.

Әрқайсымыздың рухани жаңаруымыздың ерекше белгісі және тірегіміз сөзсіз Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болып қала береді. Сондықтан, халықаралық тәжірибенің ең озық үлгілерін назарға ала отырып, «Әзірет Сұлтан» кешенінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, Ұлы Жібек Жолы дәуірі тұсындағы асқақ айбынын қалпына келтіру ұсынылады!

Даму жоспарын ұсыну барысында біз өзіміз жасаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бірегей 3D-турды көрсеттік. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, Қазақстандағы 12 қасиетті нысандарды цифрладық (Арыстанбаб, Қорқыт Ата мемориалдық кешені, Бекет Ата, Мәшһүр Жүсіп мавзолейі, т.б.). Бұл тур туристке әлемнің кез келген жерінен Түркістанға келмей-ақ қазақ мәдени әлеміне кіруге, қасиетті жерлерді көзбен көргендей әсерленуге мүмкіндік береді.

Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы Конвенцияда көрсетілген ЮНЕСКО талаптарына сәйкес, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің 88,7 га құрайтын буферлі қорғау аймағында тұрақты құрылыс салуға тыйым салынған.

Бұл жерде танымдық, білім беретін және рухани туризм Орталығын құру ұсынылады. Ол өте ыңғайлы және қолжетімді инфрақұрылымы болуы тиіс. Кез-келген адам сол аумақта орналасқан барлық қастерлі орындарды тамашалай алғаны жөн.

Ең алдымен кесенеден 700 метр қашықтықта тұрған Түркістан елді мекенінің ең ежелгі қалашығы - Күлтөбе қайта қалпына келтірілетін болады.

Одан кейін Хан ордалары мен орта ғасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан, Тәуке хан резиденциялары, Үндемес ата, Чилляхан кесенелері толықтай қалпына келтірілетін болады. XVI-XVII ғасырда салынған тарихи ғимараттары және Кесенеге баратын ортағасырлық күре жолы бар Жеті Ата-Қақпа территориясын қалпына келтіріп, көзге тартымды көрініс беру жоспарлануда.

Мавзолей мен Жеті ата қақпасы арасындағы тарихи көлдің ойыстарын қайта қалпына келтіру, тарихи мешітке апаратын жол, құдық және сопылықтың негізін қалаушы Яссауидің соңғы 20 жыл өмірін өткізген Қылуетке апаратын ортағасырлық рабаттарды және орталық көшелерді қайта жасау жоспарлануда.

Стамбулдағы Сүлеймен сарайы кешенінің тәжірибесі бойынша, Мавзолейдің мемориалды және саябақ аймағында ұлы ата-бабаларымыздың және тарихи тұлғалардың, оның ішінде Абылай хан, Жолбарыс хан, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек бидің және т.б. жерленген жерлері қоршалып, биіктетілетін болады. Ежелгі сәулет элементтері сақталған Рабия Сұлтан бегім, Есім хан мавзолейлері, Жұма мешіті, Әлқожа баба және Әулие Құмшық ата тарихи кешендері адамдардың жиі баратын орындарына айналады. Сонымен қатар орта ғасырдағы қала өмірінің рухы мен тірлігін қайта жаңғырту мақсатында Мавзолей аумағында бас қақпаға жанындағы ішкі бекініс қабырғалары, цитадельдері қайта қалпына келтіріледі. 1987 жылға дейін қызмет еткен XVI ғасырдағы ежелгі шығыс моншасын өзінің бастапқы көрінісіне айналдыру ойымызда бар.

Мавзолейдің аумағында көшпенділер салты мен дәстүрінен ерекше сыр тартатын, ортағасырлық тұрмыстан айрықша көрініс беретін Этноауыл салу да жоспарымызда бар.

Сонымен қатар шеберлер орталығы, шығыс базары, кәдесыйлар сататын дүңгіршектер салынатын болады және Мавзолейдің барлық аумағы келушілер мен демалушыларға қолайлы болу үшін ландшафтық сәулет, фонтандар, ашық айвандар және басқа да нысандар орналасады.

Әрі қарай негізгі жұмыстар буферден тыс аймақта жоспарланған. Бұл үшін қаланың тарихи архитектурасын бұзатын барлық ретсіз өз бетімен салынған құрылыс нысандарын сүру қажет.

Олардың орнына туристердің көңілін сергітіп, күнұзаққа, тіпті бірнеше күн серуен құрып, тамашалай алатындай бірегей мәдени құрылыстарды салу ұсынылады. Қазіргі таңда туристің орташа келу уақыты 3 сағаттан аспайды. «Әзірет Сұлтан» кешенін одан әрі дамыту бойынша туристердің сапарын 2 күнге ұзартпақпыз.

1. Көпфункционалды визит орталығын салу ұсынылады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бұл туристерді тартудың маңызды шарттарының бірі. Келушілерге сапары туралы материалдарды, арнайы әдебиет, жолсеріктер, дыбыс және бейне тасымалдаушылар, 3D модельдер, тағы басқа ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді.

2. Түркістан қаласында Халықаралық ғылыми-зерттеу кітапханасының құрылысын бастау ұсынылады. Қожа Ахмет Яссауи өз еңбектерін оғыз-қыпшақ диалектінде жазған тұңғыш түркі ақыны. Оның «Диуан-и хикмет» немесе әлемге әйгілі «Құран түркі» ақындық кітабын жазды. Қожа Ахмет Яссауидің ең бағалы қолжазбалары көшірмелері музей қорында сақталады, сондай-ақ аса ірі тарихи, ғылыми зерттеу қызығушылық тудыратын 3 мыңнан астам тарихи басылымдар бар.

3. Түркі әлемі мұражайын салу ұсынылады. Сібірден Шығыс Еуропаға дейінгі барлық тарихи үрдістерді түсіну үшін Түркістанның орны ғажап. Түркі әлемінің ортасында түркі тайпаларының қалыптасу хронологиясын құрып, Оғыз, Қыпшақ, Ғұн, Түркі қағанаттарының әдет-ғұрыптарын қалыптастырған абзал.

4. Жібек жолын жаңғырту Халықаралық орталығын салу ұсынылады. Орталықтың негізгі мақсаты - Шығыс пен Батыстың сауда, экономикалық және саяси байланыстарының ғасырлар бойғы дәстүрлерін сақтап, халықаралық қоғамдастықтармен өзара белсенді әрекет жасау.

Дәстүрді жаңғырту мақсатында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аумағында қызмет еткен ортағасырлық монша үлгісінде Орта Азиядағы ең үлкен Шығыс моншасын салу ұсынылады.

Туристердің негізгі маршруты Шымкент - Сайрам - Түркістан қалаларының барлық қасиетті және тарихи орындарын қамтып, Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік дәліз бен трансшекаралық маршруттарды тұтастай қалпына келтіретінін ерекше атап кеткен жөн. «Рухани жаңғыру» міндеттерін орындай отырып, күні кеше Отырарда визит орталықтың құрылысы басталды. Мұндай орталықтар Түркістанда, Сауранда, Сығанақта және басқа да тарихи маңызды жерлерде салынатын болады.

Келесі жылы Түркістанға келетін туристер легі екі есе өседі деп күтілуде (бір миллионнан екі миллионға)!

Әрине, Даму жоспары бойынша келешекте танымдық және рухани туризм үшін барлық қолайлы жағдай жасалып, ниеттенген адам музей территориясындағы тарихи және қастерлі орындарға бара алатын болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының фейсбуктегі жазбасынан