19 нау, 2021 сағат 20:57

Әзербайжанда ерекше карантин жазға дейін созылатын болды

Әзербайжан үкіметі бүгін Жедел штабтың брифингі барысында республика аймағында ерекше карантин режимін жазға дейін созу туралы қаулы қабылданғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Брифинг барысында мәлім болғанындай, елде COVID-19 коронавирус инфекциясының тарауының алдын алу үшін Әзербайжан аумағында ерекше карантин режимі 2021 жылдың 1 маусымы, сағат 1-ге дейін жалғасады. 

Үкіметтің бұл шешімі бірінші кезекте қоғамдық көлікке қатысы болып отыр. Оның жұмысы ел аумағында Наурыз мерекесіне, нақтырақ айтқанда 20-29 наурыз аралығында және маусым айының 1-не дейін жексенбі күндері тоқтатылады. 

Аталғандармен қоса тойлар мен туған күндер сияқты бұқаралық жиындарды өкізуге тыйым салынады. Баку метрополитенінің жұмысы да тоқтап тұрады. 

Брифинг барысында метро қызметінің жандануы карантин режимі кезекті рет жеңілдетілгеннен кейін күн тәртібіне қойылатыны айтылды. 

Айта кетейік, соңғы күндері Әзербайжанда коронавирус жұқтыру жағдайлары көбейіп отыр. Вирус жұқтырған науқастар саны әсіресе Бакуде көп. Бұл қалада барлық науқастардың 52,9% жүр. Бұдан әрі инфекция жұқтырғандар саны жағынан Абшерон ауданы мен Сумгайыт қаласы және Гянджа-Газах өңірі тұр. 

Осыған дейін Әзербайжанда коронавирустың британдық штамы табылған болатын. 

Билік өкілдерінің мәлім етуінше, аталған штамның жұқтырғыш қасиеті зор болғанымен Әзербайжанда қолданылып жатқан вакцина коронавирустың барлық штамдарына бірдей тиімді.