11 мау, 2021 сағат 11:00

Әзербайжан шетелдіктерден COVID-паспортын талап етеді


Әзербайжанға ұшып келетін шетелдіктерде коронавирусқа вакцинация жөнінде паспорты болуы керек. Бұл туралы «Коронавирус пандемиясы (COVID-19) кезеңінде Әзербайжан Республикасында әуе көлігімен ұшуды және жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі уақытша ережелерге» ел үкіметі енгізген өзгерістерде айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түзетуге сәйкес, 18 жастан асқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар (оның ішінде уақытша/тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдіктер) рейске тек COVID-19 вакцинациясын растайтын құжат (ковид паспорты) немесе ұшуға дейін 72 сағат бұрын жасалған коронавирусқа теріс ПТР тесті болған кезде ғана жіберіледі.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Әзербайжанда төрт вакцина қолданылуда: CoronaVac, Sputnik V, Astra Zeneca, Pfizer.

Әзербайжаннан ұшатын жолаушыларға коронавирусқа ПТР-тест тапсыру туралы талапты тасымалдаушы межелі пунктіде белгіленген ережелерге сәйкес реттейді.