Фотоколлаж Azattyq Rýhy
Әзербайжан кинематографистер одағының хатшысы, еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер және сценарист Зия Шихлинский ұлттық қаһарман Хокума Алиева туралы жаңа фильм түсіруге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қысқаметражды деректі фильм 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласында апатқа ұшыраған «Баку–Грозный» рейсінде қызмет атқарған стюардесса Хокума Алиеваның өмірі туралы болмақ.
Деректі фильмнің түсірілімі жақын арада басталады деген жоспар бар. Жобаның көркемдік жетекшісі Әзербайжан кинематографистер одағының төрағасы, Халық әртісі Расим Балаев, сценарий авторы және режиссері - Зия Шихлинский, оператор – КОХ басқарма мүшесі, еңбек сіңірген өнер қайраткері Әділ Аббасов болады.
Естеріңізге сала кетейік, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің 2024 жылғы 29 желтоқсандағы өкімімен Embraer 190 ұшағындағы қызметтік міндеттерін орындау және жолаушылардың өмірін құтқару кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі, батылдығы мен адалдығы үшін Хокума Алиеваға ұлттық батыр атағы тағайындалды. Хокума Алиеваның ерлігі жайлы осыған дейін жазған едік.