05 қаң, 2021 сағат 18:38

Азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ - Әли Бектаев

Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқавтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып шығып, егемендігімізді, мемлекеттігімізді нығайту үшін не істеуіміз керек деген сауалға жауап алдық. Отыз жылда еліміз мемлекеттік нышандарын белгілеп, билік жүйесін қалыптастырды, ұлттық валютамыз айналымға енді, Қарулы Күштеріміз құрылды, Ата заңымыз қабылданды, шекарамыз шегенделді, еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін жаңғыртып, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық.

Осынау толағай табыстардың бәрінде Елбасының дара көшбасшылығы мен халқымыздың даналығы мен парасаты, бірлігі мен ынтымағы, отандастарымыздың қажырлы еңбегі жатқанын атап өтті. «Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік» деп тұғырлы тұлғаның ел тарихында алар орнын айқындап берді» - деді сенатор. 

Оның сөзіне қапағанда, Мемлекет басшысы алдағы он жылдағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін баса айтты. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Ол үшін өскелең ұрпақ Тәуелсіздіктің қадірін білуі қажет. Азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік тағдырдың бере салған сыйы емес. Түптеп келгенде, қазақтың тарихы – азаттық жолындағы күреске толы тарих. Тәуелсіздікке қол жеткізу ғана емес, оны ұстап тұрудың әлдеқайда қиын екендігіне мемлекеттердің тарихтары дәлел. 

«Сонымен қоса, ел Президенті өзінің мақаласында маңызды тапсырма жүктеді, ол – Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау. Ол үшін талай ақтаңдақтардың бетін ашып, бұрмаланып келген деректерді түзету қажет. Бұл іске еліміздің ең мықты тарихшылары тартылмақ. Сонымен қатар, Қазақстанның қысқаша тарихы әлемнің негізгі тілдеріне аударылатын болады. Мемлекет басшысы осы мақаласында Қазақстанның егемендігіне, аумағының тұтастығына күмән келтіруші жат ниетті саясаткерлердің арандатушылық сандырақ әңгімелеріне нақты жауап қайтарды. 

Қазақ үшін ежелден Жер, Тіл, Ел бірлігі – ең қастерлі ұғымдар дейтін болсақ, Мемлекет басшысы осынау мақалада: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын», - деп қадап айтып, нық сенімде болу керектігін ұғындырды», - деді депутат. 

Сонымен қатар Ә Бектаев Президент қазақ тілінің мәртебесі жайында да сөз қозғағанын еске салды. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы деп те айтуға болады. Осы орайда барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарымызға үндеу тастады. 

«Соңғы кезде қазақстандықтар қоғамдық өмірге, саяси үдерістерге белсенді араласып келеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осының айғағы. Салиқалы саяси реформалар Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келе жатқандығын көрсетеді», - деді сенатор. 

«Расында да, Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Мемлекет басшысы айтқандай, біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Мемлекет басшысының бүгінгі ой толғанысы мені тереңнен тербеді. Бүгініміздің бекем, келешегіміздің кемел болатынына бек сенімдімін», - деді Әли Бектаев.