03 қыр, 2019 сағат 15:40

Азамат Сатыбалды: Театр актерына той жағаламай, өз ісімен айналысатындай жағдай жасалар деген үміттеміз

Белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды Президенттің мәдениет қызметкерлерінің айлығын көтеру бастамасына өнер адамдары үлкен үмітпен қарап отырғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл бастаманы мен өте сәтті қадам деп қабылдадым. Қасым-Жомарт Кемелұлының өз Жолдауында мәдениет қызметкерлерінің жағдайын көтеруінің өзі – үлкен жетістік, мәдениет пен әдебиетке үлкен қамқорлығы деп білем. Қалай айтсақ та, елдің дамуының бірден-бір көрсеткіші – мәдениет пен әдебиет. Ол сала ақсамай, өзгемен қатар жүруі керек. Театрда жағдайдың оңай емес екенін білеміз. Театр қызметкерлерінің айлығы төмен екені ешкімге құпия емес. Міне, осы кезде өнер адамдарының айлығының өсетіні жайлы Президент тапсырмасы дәтке қуат болды. Шөлдегенде берілген су іспеттес өнер адамдарында үміт туды», - деді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды.

Десе де, Азамат Сатыбалдының айтуынша, мәдениет қызметкерлерінің мәселесі жалақымен шектелмейді.

«Қордаланып қалған проблемалар баршылық. Менің ойымша, ең бастысы бірінші қадам жасалды. Айлықты көтереміз деді. Алғашқы қадам жасалғаннан кейін де басқа да проблемаларға назар аударыла жатар. Бұл жаңалыққа әрбір театрал әріптестерімнің бәрі қуанып жатыр. Айлықтың көтерілуі бір ғана театр қызметкерінің қуанышы емес – оның отбасының жайлы жаңалығы. Ол ақшасын отбасына апарады. Айлықпен бірге ол отбасының әлеуметтік жағдайы да көтеріледі. Сол үшін біз өте қуаныштымыз. Театрдың актеры ешуақытта сыртқа қарайламау керек, той-томалақты жағаламауы тиіс. Концертке бармай, өнермен айналысуы керек», - деді ол.

Азамат Сатыбалды театр актеры таза өнермен айналысу үшін қарыны тоқ, көйлегі көк болу керек деп пікір білдірді.

«Отбасында ымыра, тыныштық болуы тиіс. Сол үшін айлық көбірек берсе жақсы болар еді деген үмітіміз бар. Болашақта мәдениет қызметкерлерінің жағдайы жасала берсе құба-құп», - деді ол.

Еске сала кетсек, күні кеше Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мәдениет саласының қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырған болатын.

«Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.