Қазақстандық режиссер, клипмейкер Айсұлтан Сейітовтің дебюттік "Қаш" фильмінің тизері жарық көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Видеоға сүйенсек, картина тарихи триллер жанрында түсірілген.
Фильмде отарлаудың қиын кезеңдері мен өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық туралы баяндалады. Бас кейіпкер - Еркебұлан Дайыров сомдаған Исатай есімді қабір қазушы. Бүкіл ауылдың тағдыры Исатай алдындағы күрделі таңдауға байланысты болады.
Картинаға Оңдасын Бесікбасов, Иісбек Әбілмәжінов, Толғанай Талғат, сондай-ақ Александр Паль және Варвара Шмыковалар қатысқан. Қоюшы-оператор - Азамат Дулатов.
"Фильмді түсіру барысында біз көптеген кедергілерге тап болдық. Олар тек түсіру кезінде аяқтала қойған жоқ. "Егер бұл комедия болмаса, біз қазақстандық фильмге сенбейміз" деген дистрибьютерлердің сөздерін естуімізге тура келді.
Бірақ біз қазақстандық кино әр түрлі болуы мүмкін екендігіне сенеміз. Біз кино дами алады деп сенеміз. Біз "ҚАШ"-қа сенеміз. Ең бастысы, біз көрерменге сенеміз. ", - деп жазды Айсұлтан Сейітов әлеуметтік желіде.