08 мау, 2018 сағат 15:19

«Айрылысар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген осы шығар…

Жазушы Дидар Амантай кеше Фейсбук әлеуметтік желісінде тосын бір «мәлімдеме» жасады. Жазушы өзінің жеке аккаунтында «Мен Abai.kz порталының құрылтайшыларының бірі едім. Дәурен Қуат еншімді бермей, мені құрылтайшылықтан шығарып жіберіпті» деп жазды. Дидардың бұл жазбасы бізді біраз абдыратып тастады, сосын мәселенің мән-жайын білмек болып Дәурен Қуатқа хабарластық. 

– Дәке, Дидар досыңыздың жазбасын оқыдыңыз ба?

– Оқығын жоқпын. Оқымағам себебім: досымды ұсақ-түйек сөзге қиғым келмеді. Бұл – басқа – басқа, соноу тоқсаныншы жылдардан бері жан бауыр, айнымас дос болып келе жатқан Дидардың айтатын сөзі емес деп ойладым. Дидар әлеуметтік желідегі жазбасын алып тастағанға ұқсайды, енді оны қазбалап қайтесіңдер, осымен әңгімені доғарайық.

– Әрине, әңгімені доғаруға болады. Бізге сіздердің алшаң басып, бірге жүргендеріңіз керек, әйтсе де, досыңыздың жазбасын оқыған жұртты екі ойлы етпей, құрылтайшылыққа қатысты сөзді ашып айтып берсеңіз жөн болар еді.

– Айтайын. Дидар Abai.kz порталының құрылтайшысы болған емес. Порталдың заңды иесі –«Абай ақпарат» қазақ интернеті кеңістігін дамыту қоры» қоғамдық қоры. Ол қоғамдық қордың қожайыны – менмін.

Осы жобаны әу баста бірлесе қолға алған Айдос Сарым да құрылтайшылыққа кірген жоқ. Ал, негізі құрылтайшы болуға Айдостың толық қақысы бар еді.

Айекең маған: «Дука, мен қоғамдық жұмыстармен жүремін, әртүрлі жобаларға қатысамын, сондықтан қорға өзің иелік ете бер», – деп ақыл-кеңесін айтты. Бұл – бар-жоғы шағын ғана қор. Қазақстанда бұндай қордың жеті атасы бар. Әрине, оның бәрі біз сияқты эффектный (тиімді) жұмыс жасап жатқан жоқ шығар, бірақ, қор аз емес. Енді Дидардың жайына келсек, алдымен мына құжатты саған көрсетіп алғаным жөн шығар. Міне, көріп отырсың, бұнда Д.А. яғни Дидар Амантай деген есім-сой жазылмаған.

 

 

Бір – деңіз. Екіншіден, құрылтайшы тұрмақ,  қамқоршылар кеңесінің бір мүшесі ауысатын болса, тәртіп бойынша, шағын жиын өтеді, ескерту жасалады, протокол толтырылып, Әділет министрлігіне барып қайта тіркеуден өтеді. Оған және қоғамдық қор мүшелерінің қолы қойылып, келісімі хатталады. Қол басындай ғана қор болғанымен, көрдің бе, бұның да өзінше осындай заңдылығы, өзіндік тәртібі, ары-бері жүгірісті талап ететін жұмысы бар.

– Түсінікті. Дидар бәлкім «құрылтайшылықтан мені шығарып тастады» деп әуел бастағы ой мен идея бірлігін айтып отырған шығар?

– Ендеше елдің басын қатырмай солай деп анықтап жазбай ма? Ой, идея, мақсат бірлігі, есіңде болсын, енші сұрамайды. Енші талап ететін адам қандай да бір коммерциялық құрылымда үлесі бар заңды тұлға болып табылады. Олай емес екен, онда қайдағы енші? Мен кімге, не үшін енші беруім керек екен? 

«Абай ақпарат» қоғамдық қоры,  бұл –  холдинг емес, концерн емес, компания емес, тіпті, ЖШС да емес. Осыған неге жұрттың құсы түсіп, құсығын әржерге тастап жүргенін түсінбеймін. Шамасы, Abai.kz-тің абыройы, қоғамдық пікірлерге ықпалы, танымалдығы, БАҚ-тағы орны, бір ауыз сөзбен айтқанда, жап-жақсы дүние болып шыққаны іші тар пенделердің ішін удай ашытып жүр ғой деймін.

Алайда, мен Дидарды қызғаншақтыққа қимаймын, адам адамға деген сағынышын, ренішін, өкпесін әртүрлі жолмен білдіріп жатады ғой. Жазуы бөлектеу Дәкең маған деген өкпесін де сол өзінің жазудағы машығына  салып білдірген болар (езу тартты).

Ал, ой мен мақсат бірлігіне келсек, Дидарды бұдан кім шеттетіп, кім шығарып жіберіпті?

Әлде мен қазақ мүддесіне, ұлт мүддесіне сатқындық жасап, жолдан тайыппын ба? Шама-шарқымыздың жеткенінше елдің сөзін сөйлеп, ұлт мұратына қызмет етіп келеміз. 2009 жылдан бастап сайтымызға қалам тартқан ұлт зиялыларының қатары толыға түспесе, кеміген жоқ. Дидар да жазсын, қаламын қолына алсын. Қазір қызмет күтіп үйінде жатқан көрінеді, келсін менің қасыма, ортамызда жүрсін. Оған, сірә, кім қарсы ғой дейсің? Өкпе-реніші болса, өзіме келсін де айтсын. Мархаббат.

– Өкпе демекші, осы досыңыз әдеби ортаға, жалпы қоғамға өкпелі сияқты. 

– Неге өкпелейді? Дидардың өкпелейтін жөні жоқ, ойымша. Ол тырнақалды дүниелерін жазған бозбала кезінен бастап, ағалардың алақанында келе жатқан Құдайдың еркесі (Дидардың «Құдайдың еркесі проза» деген эссесі есіме түсіп кетті, – деп Дәкең күліп алды). Қолжазбасын Жарас Сәрсектен алған Зейноллла аға, Зейнолла Серікқалиевті айтамын, Дидардың романы туралы қандай жылы пікір білдірді?! Зекең марқұмның ақ бата, ақ жолтай лебізінен кейін Дидардың жолы сайрап қоя берді.

Оған әдеби интеллектуалды орта жалт қарады. Олжас Сүлейменов, Герольд Бельгер, Әуезхан Қодар, Әлия Бөпежанова, Зира Наурызбаева,.. Дидарды алқалаған әлеумет осылайша кете береді. Таласбек марқұм әдебиет пен өнердегі мол білімін, сарқылмас қазынасын Дидар шығармаларын талдауға жұмсады. Аспанға көтерді.

Осы ағаларымыз Дидардың қасында жүрген бізге мән беріп қараған емес. Бұ балалардың да жазуға талабы бар шығар, оқу-тоқуы бар шығар деп, ескере қоймады. Бірақ, мен өз басым Дидар үшін қуанатынмын. Дидарға көрсетілген құрметке шексіз риза болатынмын. Әлі де солай… Қазір Дидардың шығармашылығына байланысты пікір айта алатын жас әдебиетшілер өсіп келе жатыр.

Досымның енді жас буын үшін қадірлі бола бастағанына қуанып жүрмін. Әмсе жолы болсын, қалам қуаты кемімесін деп тілеймін.

Сүбелі шығармалар жазсын. Атағы алысқа кетсін. Жалпы Дидар қызметте де жолы болып келе жатқан азамат. Нәпақасын Республикалық телеарналардан тауып жүрді, газеттерді басқарды, «Қазақфильм» АҚ-да бас редактор болды, Үкіметте, жаңылыспасам, Президент аппаратында қызметтер атқарды, Семейдегі телеаранаға басшы болып барды. Үйі-жайы, Құдайға шүкір, жақсы жары, балалары бар.

Кімге, неге өкпелейді ол?

Құдайға шүкір, тұрмыс-тіршілікке де ерте бейімделіп бәлендей таршылық көрген жоқ. Мысалы, бәрімізден бұрын баспаналы болған – Дидар. Кітаптары ерте басылып шыққан жазушымыз да – Дидар. Мемлекттік, қоғамдық сыйлықтар мен марапаттарға алдымен ие болған да – Дидар. Шығармалары шет тілдеріне ең көп аударылып үлгерген қазіргі қазақ әдебиетіндегі қаламгер де – Дидар.

Аударыла берсін, марапаттар мен сыйлықтарға кенеле берсін. Тілектеспін. Меніңше болғанда досымыз осының бәріне қанағат, шүкір деуі керек. Сөйтуі керек те, жаңа деңгейге көтерілуі керек, парасат бигіне, салихалы ағалық жолға жетуі керек деп ойлаймын. Ағалардың алқауын көрген Дидар Амантай қазір өзі де ел ағасы болып қалды. Енді ол Таласбектерден көрген қамқорлығын жас буынға көрсетуі керек деп ойлаймын. Мен солай ойлаймын. Мүмкін, ол басқаша ойлайтын болар.

Досыма, бәлкім, құрмет, марапат аз болып тұрған шығар?.. Шығармаларын жаңа қырынан талдайтын әдеби сындар жетпей жүрген шығар?..  Қайдан білейін.

Менің білетінім:  Дидардың осы көргендерінің бірін де Әмірхан марқұм көрмей кетті. Энциклопедиялық білімі, қас таланты бола тұра Әмірхан Балқыбек қарапайым ғұмыр кешті. Қоңторғай ғана тұрмысы болды. Кейбір ортада кемдік көріп жүрген кездері де болды. Сый-сияпатты былай қойыңыз, есіл ер өзінің азаматтық болмысы мен шығармалары туралы бір дұрыс пікір ести алмай кетті ғой. Мен, міне, сол Әмірханды сағынамын. Қатты сағынамын. Достарымының бәрі алтын, әрқайсысының өзіндік келбеті, өзіндік орыны бар жүрегімде. Соның бірі, ерекше бірі – Әмірхан еді.

«Шахмаранның кітабы» деген хикаятымды иықтасып қатар жүрген күндерімізде Әмірханға арнап жаздым. «Қызыр Әулие мен Мұсағалайассалам» деген хикаятымдағы Қызыр Ілияспен параллель кейіпкер – Әмірхан бейнесі болды. Енді ойымда бір романның сұлбасы жүр. Ол романда кейіпкер Әмірхан өзінің жаза алмай кеткен романына нүкте қоюы керек. Романға дайындығымды еселеп, қазір ізденіс үстіндемін.

– Дәке, аз-кем сөзбен дос, достық туралы түйінді ойыңызды айтып беріңізші?

– Достық, жолдастық деген – азаматқа ол да бір сын. Достықты көтеріп жүре алатындар болады да, жүре алмайтындар болады. Достықты мен үлкен жауапкершілік, адам тағдырына тікелей ықпал ететін жауапкершілік деп білемін. Кешіре білу, досыңның артық-кем ісін үнсіз ішке алу, сосын соны өзіне жұмсақтап ұқтыру – дос адамнан талап етілетін мінез.

Сенің сондай адалдығыңды, жаныңның тазалығын түсінген дос – дос та, түсінбеген адам – жай әншейін біреу. Үнемі сен ғана емес, досың да сені кешіріп, сені аялай білуі қажет. Құрмет екі жақтан тең болмаса, ол достық емес.

Достықта теңдік қана болады, лидерлік немесе менмендік болмайды. Болса, ол достық емес, қожайын мен қызметші. Мен достық дегенді осылай түсінемін, осылай қабылдаймын.

Достарымның ішінде көп сырласатын, көп мұңдасатын досым – Сәкен Сыбанбай. Ал осы Сәкен екеуміз ренжіспедік пе? Ойбай, атама, талай ренжістік.

Ағай (біз бір бірімізді «ағай» дейміз) кейде ер-тоқымын бауырына алып тулағанда, маңынан жүре алмай қаламын. Сосын бір күні «ағай, қайдасыз?» деп өзі қоңырау шалып тұрады. Арамызда ештеңе болмағандай жарасып кете береміз. Біз сияқты достар қазақ жігіттерінің арасында аз емес, тәуба!

– Дидар ағамыз жазған Асылбек Ықсан, Амангелді Кеңшіліктер туралы не дейсіз?

– Дидар не депті?

– Сіз оларға үнемі жаулық жасап жүретін көрінесіз…Дидар Амантай өзінің жазбасына былай деп пікірі қосыпты. Қараңыз: «Асылбек Ықсанға да, Амангелді Кеңшілікұлына да сөйтті. Ерлан Төлеутайға да топырақ шашты. Күйе жақты».

– Мен шашқан топыраққа көміліп, мен жаққан күйеден қарайып қалса, оны Дидар Амантай емес, осы жігіттердің өздері айтсын.

Мен білетін Асекең тамаша прозаик, кемел азамат, аға-дос. Екеуміз бір бірімізге шын тілекші жандармыз. Апта ішінде күнде болмаса да, күн аралатып хабарласып тұрамыз.

Аңқылдаған Ерлан бауырыма күйе жағу былай тұрсын, «әй, Ерлан-ай» деп кейіген кезім болған емес. Қақ-соқта жұмысы жоқ, өнерге ғана берілген сондай асыл азаматтың алдынан тосудың өзі күнә ғой! Ал Амангелді болса – кәсіби сыншы, әдебиеттің білгірі. Амангелді маған, мен оған жау болсам жетіскен екенбіз. Иә, әдебиет әлеміндегі көзқарас, пікіріміз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ, ол жаулық емес қой. Мен білемін, Әбекең менің шығармаларыма үлкен мән беріп қарайды. Ақыл-кеңесін айтып тұрады. Мен бұл азаматтармен арадағы жолдастыққа құрметпен қараймын.

– «Комментарийлерінде бір асыл ой жоқ, себебі аноним, жауапкершілік болмаған соң, дарақы, дөрекі, көргенсіз сөз жазылады…» дейді досыңыз.

– Аноним болған жерде асыл ой болмайды. Бірақ, біз оқырман ойына қозғау салу үшін, оқырман қауымды азаматтық белсенділікке шақыру үшін комментарийлерге еркіндік бердік. Ол комментарийлер бетімен кеткен биліктегілерді тезге салу үшін керек болды. Оқырманмен кері байланыстың ашық форматы осылай. Оны ойлап тапқан мен емеспін. Сондықтан пікірелердің өрлі-қырлы болуына жауап бере алмаймын. Егер Дидарға немесе жоғарыдағы аттары аталған азаматтарға қатысты авторы бар сын мақалаларды жариялап жатсам, онда сөз басқа. Еске түседі.  

Бірде Аманхан Әлім ағамыз Abai.kz порталының электронды почтасына Ақберен Елгезектің өлеңдерін сынаған мақала жіберіпті. Сынағанда бар ғой, қатты кеткен. Мен ақын інімнің жанына ауыр тимесінші деп, ағаның мақаласын жариялағым келмеді сайтта.

Сонда Өміржан: «Дәке, сөзбен жұмыс істейтін адам сөзге  шыдай да білуі керек қой. Ақбереннің шығармашылығына Аманхан аға сын айтып жатса, ол да бір деңгейде ақынның ақынды мойындауы. Жариялайық, тап осыдан Ақберен жамандық көрмейді», – деді. Мен келістім. Аманхан ағаның сын мақаласы жарық көрді.

Мақалаға байланысты оқырман неше түрлі пікір жазып жатты. Пікірлердің басым көпшілігі бір жақты болды. Ақбереннің ақындығына сын айтылды. Бірақ, соған қыңған Ақберен болған жоқ. Өзіне қажетін алды, қажет емесін қалдырды. Маған, Өміржанға жау болып кеткен жоқ. Өміржан екеуі құшақтасып, әзілдері жарасып осы күні бірге жүр. Өмішті мен жақсы білем ғой, неше жыл Aвai.kz-де бірге істедік, осы сайттың «отымен кіріп, күлімен шықты», ыстық-суығына бірдей төзді, айналайын! Сайттың сайт болуына өлшеусіз еңбегін сіңірген сол Өміржан Ақош досын сыртынан жауға берген емес.

Өміржан қазір «Жас Алаш» газетінде жүр. Бірақ, кетерінде менен енші сұраған жоқ (күлді).«Айрылысар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген бабаларымыз. Ердің артқы қасын сұрау, ырымға жаман, құрысын. Ол деген сөз – қанжығасыз бол, ат көтінен сыпырылып түсіп қал деген сөз. Бұндай жамандыққа мені Дидар досым қимайтын шығар деп ойлаймын.

– Сұхбатымызға қосып тағы не айтасыз?

– Болды-ей, Тоқаш! Індетіп отырып біраз сөйлеттің мені.

Сұхбаттасқан, Тоқтарәлі Таңжарық

dalanews.kz