04 мам, 2020 сағат 18:38

Аймағамбетов Scopus және Web of Science халықаралық базасына кіретін отандық журналдарды дамытпақ

Ғылыми диссертация қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазір Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығының базасында бітіру жұмыстарының (дипломдық жұмыстардың, магистрлік және докторлық диссертациялардың) Бірыңғай репозиторийі құрылуда. Зерттеулер мен академиялық мәдениет сапасын жақсарту үшін ғылыми және жазбаша жұмыстарды «Интернет» жүйесі мен халықаралық деректер қоры арқылы тексерістен өткізу міндеттелді. Диссертация қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар да қайта қаралып жатыр. Бүгінде докторант қорғауға шығу үшін 7 мақала жариялауы тиіс, дегенмен оның мазмұнына ерекше бір талап қойылмайды. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланады. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базаға енбейтін журналдарда жарияланған жағдайлар жиілеп кетті. Әлбетте, бұл тәжірибені өзгерту керек. Қағида қарапайым – «беделсіз» журналдардағы бірнеше жарияланымның орнына жоғары сапалы журналдағы бір мақала болғаны дұрыс. Бұл ретте гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар бойынша мақалаларға қойылатын талаптар оның ерекшелігіне қарай сараланады», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, биылдан бастап ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет ұсынып отырған ғылыми басылымдар тізбесіне кіретін журналдарға қойылатын талаптар да өзгертіледі. Себебі қазіргі уақытта бұл тізімге контенттің жоғары сапасын әрдайым қамтамасыз етпейтін, біршама формальды өлшемдер бойынша іріктеп алынған 177 басылым кіреді. 

«Осыған байланысты қолданыстағы критерийлерді халықаралық талаптарға бейімдеу бойынша жұмыс басталды. Мәселен, 2 рет сырттай рецензиялау, нақты редакциялау саясаты, журналдың тақырыптық бағытына қабылданатын мақалалардың сәйкестігі, шетелдік мамандардың рецензиялары, біреуден алып пайдалануды тексеру, барлық жарияланым процесінің ашықтығы, мықты редакция алқасы және т.с.с. Көрсетілген тізбеге кіретін барлық отандық журналдарға қойылатын осы талаптар 2 жыл ішінде біртіндеп енгізіледі. Басылымдардың саны біршама қысқарады деп ойлаймын, сапалы контент үшін бәсекелестік артады және халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдарды шығарудың кәсіби академиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ ғылыми журналдарға қаржылай қолдау көрсету үшін конкурс жариялап, Scopus және Web of Science халықаралық базасына кіретін отандық журналдарға демеу беру жоспарланып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.