Қазақстан балалар құқықтарын қорғаудың халықаралық жүйесін дамытуға белсенді қатысады. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балаларды төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстандық бүлдіршіндерді төл мерекесі – Балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Балаларды қорғау күні – жас ұрпақтың қауіпсіздігі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтарына қатысты жауапкершілік туралы тағы бір мәрте еске салатын атаулы күн. Қазақстан балалар құқықтарын қорғаудың халықаралық жүйесін дамытуға белсенді қатысады. Ел Президенті балалардың құқықтарын қорғау және олар үшін қолайлы жағдай жасау үшін қабылданып жатқан шараларды күшейту міндетін жүктеп отыр. Әлбетте, бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен күнделікті негізде жүргізілуі тиіс», - деп жазды министр Facebook желісінде.
Білім министрі бүгінгі Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралғанын атап өтті.
«Инклюзивті білім беруді дамыту, балаларды секциялар және үйірмелермен қамту деңгейін арттыру, балалар үйлерінің санын азайту, ыстық тамақпен және қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету, балалар үшін қауіпсіз орта құру сияқты кең ауқымды мәселелер көтерілді. Біздің жұмысымыздың басты бағыты – қазақстандық балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, оларға сапалы білім беру.
Қымбатты балалар! Мерекелеріңізбен! Сіздерге зор денсаулық, амандық тілеймін! Жазғы демалыста кітапты көбірек оқыңыздар! Демалыстарыңыз жақсы өтсін!», - деп құттықтады А. Аймағамбетов.
