11 там, 2021 сағат 12:33

Аймағамбетов: Қашықтан оқыту кезіндегі кемшіліктер орнын толтыру үшін кешенді жұмыс жүргізіледі


Қашықтан оқыту кезіндегі білім сапасы кемшіліктерінің орнын толтыру үшін кешенді жұмыс жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тағы бір маңызды бағыт – оқу процесін бейімдеу. Біз жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастағанмен қашықтан оқыту кезіндегі білім сапасы кемшіліктерінің орнын толтыру үшін кешенді жұмыс жүргізуіміз қажет. Осы мақсатта кешенді, жүйелі іс-шараларды жүзеге асыратын боламыз. Халықаралық тәжірибеде жүргізілген қашықтан оқытудың нәтижесі де зерттелді. Соған сәйкес оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзетуге, нашар үлгеретін балалармен қосымша жұмысқа баса назар аударылады», - деді Асхат Аймағамбетов. 

Оның атап өтуінше, педагогтарға цифрлық құзіреттіліктерін арттыру үшін онлайн курстар дайындалды. 2 тамыздан бастап мұғалімдер курстан өте бастады. 

«Сабақтың ұзақтығы 45 минут болып, күнделікті бағалау жүйесі әрі қарай жалғасады. Биыл 25 мамырдан 19 маусымға дейін ұйымдастырылған жазғы мектеп тәжірибесі негізінде келесі оқу жылында да 4 апталық жазғы мектеп ұйымдастыру бойынша шешім қабылданды», - деді министр.