«Айка» фильмі «Оскар» үміткерлерінің ақырғы тізіміне енбей қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" киножүлденің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Үздік шетелдік фильм» номинациясындағы ақырғы тізімге бес фильм енді. Олар: «Рома» (Мексика, режиссері - Альфонсо Куарон),«Қырғи-қабақ соғыс» (Польша, Павел Павликовский), «Ұрылар» (Жапония, Хирокадзу Корээда), «Капернаум» (Ливан, Надин Лабаки) және германиялық Флориан Хенкель фон Доннерсмарк түсірген «Айналаңа жалтақтама» фильмі.
Жеңімпаздар 24 ақпанында «Оскар» сыйлығын табыстаудың 91-ші рәсімінде анықталады. Үздіктерді марапаттау Лос-Анджелес қаласының Dolby театрында өтеді.
Бұған дейін «Айка» фильмінің «Оскар» киносыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» категориясындағы тоғыз картинадан тұратын қысқа тізімге енгенін хабарлаған едік.
«Айка» фильмінің сюжеті - Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, онда заңсыз жұмыс істеп жүрген жас эмигрант әйелдің оқиғасы, оның ішкі адами өсуі, аналық сезімі жайлы. Басты рөлді қазақстандық актриса Самал Еслямова сомдаған. Бұған дейін ол 71-ші Канн кинофестивалінің үздік актрисасы деп танылған еді.