27 мам, 2024 сағат 18:21

Әйгілі «Үйде жалғыз қалғанда» фильмі түсірілген үй сатылымға шықты


Фото: zillow.com


«Үйде жалғыз қалғанда» фильміндегі МакКаллистер отбасының үйі сатылымға шығарылды. Жаңа жылдық мерекеде балалардың ғана емес, үлкендердің де сүйікті киносына айналған туындыдағы үй туралы ақпарат кім-кімнің болмасын қызығушылығын тудыратыны анық, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


Чикаго маңындағы ауылда орналасқан екіқабатты шатырлы үй 5,25 миллион долларға бағаланып отыр. Жарнама Zillow сайтында жарияланған.


Ауданы 848 шаршы метрді құрайтын сарай 2018 жылы заманауи үлгіде жөндеуден өткен. 


Бұрынғы қожайындар культке айналған фильмдегі дүниелерді сақтап қалуға тырысқан.


«Әдемі фойе, кіреберіс баспалдақтары, қонақ бөлме және ас бөлмелерінің пішіні мен құрылымы іс жүзінде өзгерген жоқ», - делінген лоттың сипаттамасында.


Үйде үлкен ас бөлме, қойма, күннің нұры түсетін отбасылық бөлме, камині бар экранды кіреберіс, спорт залы, кинотеатр және заманауи құрылғылармен жабдықталған көптеген бөлмелер бар екен. 


Төбенің биіктігі шамамен 3,2 метрге жетеді. Резиденцияда күтімі жақсы бақ бар.


Сарай темір қақпалармен қоршалған.


Үй 1921 жылы салынған. Осы уақыт ішінде сарайдың төрт иесі болды.


Үй соңғы рет 2012 жылы 1,58 миллион долларға сатылған.