15 сәу, 2021 сағат 18:05

Әйелдер күресінен Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы алғашқы күні екі алтын алды

Алматы қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасында бүгін бес салмақта жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандықтар, Токио олимпиадасы жолдамасының иегерлері Валентина Исламова-Брик пен Эльмира Сыздықова өздерінің бабында екендігін таныта білді.

В.Исламова-Брик 50 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол финалда өзбекстандық Жасмин Иммаеваны да мерзімінен бұрын жеңіп, алтыннан алқа тақты.

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Э.Сыздықова 76 кг салмақта алғашқы белдесуінде қырғызстандық Айпері Медетқызына 1:6 есебімен есе жіберіп қойды. Дегенмен ол өз тобында екінші орынмен жартылай финалға, одан кейін соңғы бәсекеге жолдама алды. Финалда Эльмираны тағы да А.Медетқызы күтіп тұрды. Бұл жолы қазақстандық балуан қарсыласынан айласын асырып, таза жеңді. 

Тағы бір қазақстандық Айша Уәлишан 55 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.

Осылайша әйелдер арасында жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы екі алтын, бір қола медальға қол жеткізді. Ертең тағы бес салмақта мықтылар анықталады. Биыл Азия біріншілігіне Қытай мен Жапония құрамалары қатысып жатқан жоқ. Сондықтан басқа елдердің балуандарына командалық есепте топ жаруға мүмкіндік туып тұр.