Сурет ашық дереккөзден алынды
Күйеуінен зәбір көрген Ирина Веденяпинаның ісі жөніндегі сот шешімі Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді. Қылмыскер ұйықтап жатқан әйелін пышақтап, жәбірленуші өлімнен әзер аман қалған. Сарапшылар тұрмыстағы зорлықтың артуы жазаның жеңіл болуынан дейді. Жеңіл жарақат үшін мүлде жаза қарастырылмаған. Бұл бап декриминализацияланған. Қоғамдағы қылмыстың көбеюіне гендерлік стереотиптер мен мизогиния да әсер етіп отыр, деп жазады Азаттық радиосы.
"ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӨЗІ ҚЫЛМЫСҚА ИТЕРМЕЛЕГЕН"
Ирина Веденяпинаның ісі жөніндегі сот үкімі 16 қаңтарда оқылды. Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №2 соттың судьясы Людмила Бектемірова Николай Веденяпинді "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша үш жылға бостандығынан айырды.
Іс материалдарына қарағанда, 2022 жылы 21 мамырда Николай қызымен балалар бөлмесінде ұйықтап жатқан Иринаға тап беріп, пышақтаған. Бес жасар қыз қылмысқа куә болған.
– Қызым екеуіміз бірге ұйықтаймыз. Күйеуім залда жатқан. Бір кезде күйеуімнің пышақпен үстіме төнгенінен оянып кеттім: бір қолымен аузымды жауып, екінші қолымен тамағыма пышақ сұғып жатты. Қарсыластым, айқайлауға тырыстым, бұлқындым. Еденге құлап түстік, қолым тигеннің бәріне жармасуға тырыстым. Жібермеді, аузымды қатты қысып, тамағыма пышақ сала берді. Әл-дәрменім қалмай, ауыр демалып, қанға тұншыға бастадым... Демала алмаймын, басқа амалым жоқ, бәрі бітті деп ойладым…, – дейді Ирина Венедяпина әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне шабуыл жасалған түнді еске алып.
Ирина жарақатынан ауруханаға түсіп, бір ай емделген.
"Сөйлеп, тамақ ішіп, өздігімнен отыра алмадым. Үнемі шырыш бөлінетін, жарты сағат сайын ауыртып, сорып алатын" деп жазды жәбірленуші Instagram-дағы парақшасында.
Қазір Иринаның әлеуметтік желідегі парақшасы жабық, ол журналистерге сұхбат бермейді.
Сотта Иринаның күйеуі қылмыс жасауға қызғаныш итермелегенін айтып, әйелін көзіме шөп салды деп айыптаған. "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, бірақ сот Николай Веденяпинге ең аз – үш жыл түрме жазасын берді.
Судьяның үкімді түсіндіру кезіндегі сөзі қоғамның ызасын туғызды. Ол "сот жәбірленушінің қылмыстық құқықбұзушылық жасауға итермелеген әрекетін де ескерді" деген.
"Жәбірленуші куәгер Халитовқа қатысты әрекеті, көзқарасы арқылы сотталушының қызғанышын туғызған. Бұл жәбірленушіге қарсы құқықбұзушылық жасауға итермелеген. Сондықтан сотта осы бап бойынша қарастырылған ең жоғарғы жаза мерзімін тағайындауға негіз жоқ..." делінген сот шешімінде.
Заңгер, адам құқықтары жөніндегі сарапшы Халида Әжіғұлова абьюзерлерге қарсы істерді қарайтын полицейлер, прокурорлар мен соттар жынысына қарамастан, көбіне гендерлік стереотиптерге бейім келетінін айтады.
– Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар да гендерлік стереотиптердің құрбаны болуы мүмкін. Көзі ашық, білімді адамдар болса да, гендерлік стереотиптер санасына дендеп орнығып қалған. Мысалы, тұрмыстағы зорлық бойынша істі қарап жатқан судьяның алдында жәбірленуші әйел мен абьюзер ер адам отырса, судья өзін сотталушының орнына қойып, "Мен әйелімді ұрмаймын ғой, демек, әйелі күйеуін осы жағдайға өзі жеткізген" деп ойлауы мүмкін. Өкінішке қарай, ер судьялар стереотипті ойлар жетегінде кетіп, мизогинияға жол береді, бұл шешім шығаруға әсер етеді. Сот шешімдерінен осыны көріп отырмыз, – дейді Халида Әжіғұлова.
Әжіғұлова Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық мәселесін сипаттап, бәріне мизогиния кінәлі деп түйіндейді.
– Әйелдерге қатысты дискриминация, жеккөрушілік жүйелі құбылысқа, яғни бейресми саяси идеологияның бір бөлігіне айналып кетті. Қағаз жүзінде әйелдер мен ерлердің құқықтары тең болғанымен, іс жүзінде әйелдер қылмыстық процестің өзінде жан-жақты дискриминацияға ұшырап отыр. Бұл әйелдерге қарсы қылмыс мәселесін ушықтырады. Салдарынан зорлық көрген әйелдер саны артады, олар абьюзерлерді жауапқа тарта алмайды, – дейді Әжіғұлова.
"КЕК ҚАЙТАРАДЫ ДЕП ҚОРҚАМЫН"
29 жастағы Зарина (кейіпкердің өтініші бойынша толық аты-жөні көрсетілмеді) болашақ күйеуімен жұмыста танысқан. Ол кезде оқу бітірген бойжеткен медбике болып жаңадан жұмысқа тұрған еді. 2020 жылы күзде Зарина тұрмысқа шыққан. Тойдан кейін үйде ұрыс-керіс басталған. Күйеуі ішіп келіп, әйелі мен енесін ұрып-соғуға көшкен. Жас жұбайлар үйленгеннен кейін Заринаның анасының үйінде тұрып жатқан.
Ерлі-зайыпты бірге ұзақ тұрмаған, бір жылдан кейін ажырасып кеткен. Бұрынғы күйеуі Заринаның қыр соңынан қалмай, қоқан-лоқы көрсетіп, қайта қосылғысы келген.
Зарина дене жарақатын түсіріп, полицияға арызданған. Бір рет арызы сотқа жетіп, күйеуіне ескерту берілген.
2022 жылы 31 мамырда күйеуі Зарина мен оны қорғамақ болған анасына тағы да күш қолданған. Ол пәтерге басып кіріп, әйелін ұрғаны үшін төлеген айыппұлдың ақшасын қайтаруды талап еткен.
– Маған жұдырығын ала жүгірді. Анам ортамызда тұрған. Бірінші соққы сол кісіге тиді. Анам құлап қалды. Мені ұрып-соға бастады. Пәтерге баса-көктеп кіргенде қолында ештеңе жоқ еді. Кейін сынық шыны бөтелкені алып, сонымен ұра бастады. Қашып құтылуға тырыстық, мен балконға қарай жүгірдім, артымнан келіп, пәтерге сүйреп кіргізді, – дейді Зарина.
Анасы Заринаны қорғауға тырысқан, қылмыскер оны орындықпен ұрған. Әйел есінен танып қалған.
– Итеріп жіберуге тырысқанымда, сынған орындықпен оң жақ шекемнен ұрды. Кейін анамды ұруға көшті. Анам екеуіміз бір-бірімізді қорғауға тырыстық, – дейді Зарина.
Жәбірленуші пәтерден қашып шыққан. Айқайлап, көмекке шақыра бастаған. Куәгерлерден қорықса керек, күйеуі қашып кеткен.
Дәрігерлер Заринадан мидың шайқалуы мен көп дене жарақатын тапқан. Полиция "Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу" және "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша іс қозғаған. Бірінші бап бойынша сот өтіп, Заринаның бұрынғы күйеуі 1,5 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген, оны сот залынан бірден босатқан. Екінші іс бойынша процесс ұзаққа созылып жатыр. Жәбірленушінің сөзінше, осы уақыт ішінде бірнеше тергеуші ауысқан.
– Хикаямды ашық жариялап, "НеМолчи" қорынан көмек сұрағанның арқасында ғана іс сәл де болса ілгері жылжып жатыр, – дейді Зарина. Ол сотта бұрынғы күйеуімен тағы кездеседі.
Зарина қылмыскер жазасыз қалуы мүмкін деп қауіптенеді. "Аз жыл берсе, кейін кек қайтарады деп қорқамын" дейді жәбірленуші.
"МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАР КҮНДЕ БОЛАДЫ"
Тұрмыстағы зорлық мәселесімен айналысып жүрген қоғам белсенділері мен сарапшылар бірауыздан үйдегі агрессорлар тарапынан жасалатын қылмыс көбейіп кеткенін айтып отыр.
Зорлық құрбандарына көмектесетін "НеМолчи.KZ" қорының негізін қалаушы Дина Смайылова кейінгі бірнеше жылда тұрмыстағы зорлық статистикасы ғана емес, қылмыстың ауырлығы да артқанын байқаған. "Мұндай оқиғалар күнде болады" дейді құқық қорғаушы. Ол тұрмыстағы зорлықтың артуына бірнеше жыл бұрын жеңіл дене жарақатын салу қылмысын әкімшілік кодекске ауыстырып жіберу себеп болды деп есептейді.
– Заңда үлкен кемшілік бар. Ол жұмыс істемейді, әйелдерге дискриминация жасайды. Әйелдерді ұрып-соққан адамға әкімшілік айыппұл салады, ал көшеде кетіп бара жатқан біреуді ұрсаңыз, Қылмыстық кодекстегі "бұзақылық" бабымен қарайды. Екеуінің жазасы екі түрлі. Полиция, сот, прокуратура өкілдері бұл қылмыстарды жұмсартып көрсетуге тырысып жатыр, – дейді құқық қорғаушы.
Жазаның қылмысқа сай берілмейтінін, заңдағы кемшіліктерді Халида Әжіғұлова да растады.
– Біздің заңдар адам өмірі мен денсаулығынан гөрі мүлікті жақсырақ қорғайды. Бұл Конституцияның "Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деген бірінші бабына қайшы келеді. Іс жүзінде бізде меншікті қорғау адам және оның құқықтары мен денсаулығынан да жоғары тұрады, – дейді заңгер.
Қазақстанда тұрмыстағы зорлық туралы заң 2009 жылы қабылданған. Одан бері бұл заң бірнеше рет өзгерген.
2013 жылы тұрмыстағы зорлық түрлерінен "экономикалық зорлық" ұғымын алып тастады. Заңның бірінші нұсқасында "адамды тамақтан, баспанасынан, мүлкінен қасақана айыру арқылы физикалық және психикалық денсаулығына зиян келтіру" деген бап болған.
2017 жылы "Ұрып-соғу" және "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстырған.
– Жағдай одан әрі нашарлап, қылмыс бірнеше есе көбейді. Әйелдер мемлекеттен өздерін қорғауды сұрап отыр, ал соттар агрессорларға ескерту берумен ғана шектеледі, – дейді Дина Смайылова.
"ҰРЫП-СОҒУ ЖӨНІНЕН ЖЫЛ САЙЫН 150 МЫҢ АРЫЗ ТҮСЕДІ"
2022 жылы жұмыс тобы тұрмыстағы зорлық үшін жазаны қатаңдататын заң жобасын дайындаған. Бірақ заңға ұсынылған толықтырулар әлі қабылданбады. Сарапшылар қазірдің өзінде бұл түзетулерді "жеңіл-желпі өзгерістер" деп атайды.
– Басында әйелін ұрған адамдардың жазасын жеңілдетіп, бұл бапты Қылмыстық кодекстен алып тастады. Өйткені елдегі қылмыстық құқықбұзушылықтар санын жасанды түрде азайту қажет болды. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру баптары Әкімшілік кодекске ауысты. Қылмыс азайғандай көрінді. Бірақ іс жүзінде мәселе шешілген жоқ. Жыл сайын полицияға 150 мыңға жуық арыз түседі. Олардың 25 пайызы ғана сотқа жетеді. Қазір полиция бұл баптарды қылмыстық кодекске қайтарса, 150 мың құқықбұзушылық елдің рейтингіне кері әсер етеді деп қорқып отырған сияқты, – дейді Әжіғұлова.
Сарапшы бұл мәселенің түп-тамыры гендерлік теңсіздікте – полиция, прокуратура мен соттағы лауазымды қызметтерде әйелдер болмағанында деп түсіндіреді. Бұл өз кезегінде заңнамалық деңгейде шешім шығаруға әсер етеді.
– Осындай маңызды қызметтерде отырған ер адамдар кәсіби деформация салдарынан гендерлік зорлық пен дискриминация мәселе емес деп ойлайды. Өздерінің басына түспесе, бұл мәселемен шаруасы жоқ. Полиция қызметкерлері, ішкі істер министрі ешқашан бопсалауға ұшырап, таяқ жеп не зорлық құрбаны болмайтынын білеміз. Мәселені құнсыздандыру осылай жүреді, – дейді Әжіғұлова.
Сарапшылар тұрмыстағы зорлық фактілерін азайту үшін жазаны қатаңдату керек деп есептейді.
– Бізге заңды өзгертіп, тұрмыстағы зорлық деңгейін, себебі мен салдарын көрсететін зерттеу жүргізу керек. Қазақстанда ешкімнің бұл мәселемен шаруасы жоқ. Шын мәнінде бұл сұмдық қылмыстар, – дейді Дина Смайылова.
Кейінгі жылдары ұрып-соғу фактілері көбеймесе, азайған жоқ. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін шара қолдануға үндеп отыр. БҰҰ дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 400 әйел тұрмыстағы зорлық салдарынан қаза табады.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы әйелдерге қарсы зорлық тақырыбында бірнеше рет мәлімдеме жасаған. HRW тұрмыстағы зорлыққа ұшырайтын әйелдерді әділ сотпен қамтамасыз ету керегін айтқан.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.