08 там, 2017 сағат 14:35

Айдос Сарым. Ауыл әкімін өзіміз сайлай алмаймыз ба?

Төртінші тамыз күні Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы басталды. Сайлау науқаны 24 тамызға дейін өтеді. Осы аралықта ауыл-ауылға «гастрольге» шыққан аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімдері ұсынған кандидаттардың ішінен (ортсайлаукомға сенсек, 2,8 адам ішінен) бір адамды ауыл басшысы лауазымына төрт жылдық мерзімге «сайлайды». Бұл жаңалықты орталық сайлау комиссиясы хабарламағанда көптеген ел азаматы мен әлем жұртшылығы еліміздегі «демократияның шарықтап дамығаны» туралы мүлдем бейхабар қалуы мүмкін еді.

Осы жаңалықты ести сала өз басым бір-екі партияның белсенді өкіліне, белгілі саясаттанушыларға, журналистерге хабарласып көрдім. «Осындай керемет жаңалықты естідіңіздер ме? Сайлау науқаны туралы хабарыңыз бар ма еді?» дегендей сұрақтар қойдым. Бір қызығы, қанша жерден сайлау деген тіршілікке мүдделі болса да, әлгі азаматтардың барлығы да бұл жаңалықты менен естіп отыр екен. Тағы бір анықтағанымыз, бұл үдерістерге енді ешқандай ықпал ете алмайтынымыз айқын болды. Себебі барлығы да шешіліп қойған.

Жалпы алғанда, ресми органдарға сенетін болсақ, үстіміздегі науқан «2017 жылғы 11 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес» өткізілмекші екен. Мінеки, бір ай өтпей жатып-ақ еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауыл әкімдерін сайлайтын көрінеміз. Нобайы 1413 ауыл әкімінің орнына бүгінге дейін 4056 үміткер ұсынылып, олардың 3895-і тіркеліп үлгерген-мыс. Бұлар кімдер екен деп бірнеше облыстың аймақтық сайлау комиссияларының сайттарын шұқылап қарағандай да болдым. Бұларымыз әлі ұйқылы-ояу: соңғы жаңалықтары жұртты алаңдатып, ұйқысынан айырған сенат депутаттарын сайлаумен шектеліп жатыр екен. Бір-екі ғана облыстық сайлаукомның сайтынан тиісті хабарламалар мен кандидаттардың тізімін тауып, көре алдым. Шынымен де, біздегі демократияның революциялық дамуын еліміздегі цифрлық-сандық технологиялардың эволюциясы қуып жете алар емес. Демократиясы интернетінен озып жүрген заман сол...

Ал енді осы «сайлау науқаны» қалай өтеді деген сұраққа тоқталайық. Заңнамаға енген толықтырулар мен өзгертулерге сай, нақты ауылда, елді мекенде тұратын жұрт өз әкімін өзі сайлай алмайды. Әкімді ауданның не қаланың мәслихаты сол ауданның әкімі ұсынған кандидаттардың ішінен «сайлап» шығады. Ауылдың сайлаушылары деген ұғым заңда мүлдем қарастырылмаған. Ауыл тұрғындары тек «жергілікті қоғамдастық» болып табылса, мәслихат депутаттары сол «жергілікті қоғамдастықпен келіскен соң» сайлауға кіріседі екен. Бұл келісулердің формасы мен форматы да нақтыланбаған. Заңда тек «жергілікті қоғамдастықпен консультациялар аудан әкімдерінің ауыл, кент және қала жұртшылығының өкілдерімен кездесулері түрінде өтеді» деп көрсетілген. Мысалы, бұл кездесулерге ауыл тұрғындарының қанша пайызы қатысуы міндет, олардың пікірі қалай білдіріледі, қалай есептеледі деген нақты ештеңе жоқ. Тіпті ауыл жұртшылығының біразы әкімдікке кандидатқа қарсы болса да, тіпті оның атымен білмесе де, оның «сайланып» кетуге толық мүмкіндігі бар деген сөз. Барлығын шешетін «сайлаушылар» емес, барлығын шешетін «таңдаушылар», яғни кезінде облыс және аудан әкімдерінің айтағымен құралған аудандық мәслихат депутаттары. Көбіне-көп бүгінгі билеуші партияның нұрланған 15-20 адамы.

Заңда көрсетілген тәртіпке сай, осы 15-20 мәслихат депутаты, яғни таңдаушы ауылдық жерге баруы тиіс. Олардың кемі үштен екісі ауылға жетсе, сайлау пәрменді һәм заңды деп табылатын болады. Отырысқа тиісті мәслихат хатшысы төрағалық етеді. Аймақтық сайлау комиссиясы осылардың алдына тиісті ауылға әкім болатын адамдардың тізімін беріп, әрқайсысының қолына тиісті бюллетеньді ұстатады. Ел мен жердің болашағына қатты алаңдаған таңдаушыларымыз ойланып-толғанып сол бюллетеньдерді сайлау жәшігіне тастайды. Таңдаушыларымыз тағдырлы таңдауын жасап болған соң, сайлау комиссиясы бюллетеньдерді санап, қорытындысын шығара салады. Қай кандидат дауысты көп алады, сол әкім болып тағайындалады. Не деген рахат сайлау десеңіздерші! Мысалы, Қызылорда облысындағы 72 ауылдық округтің әкімдерін сайлау үш-ақ күннің ішінде өтеді де шығады екен. Үш-төрт машинаға сыятын кішігірім топ бірнеше ауылдың алдағы төртжылдық тағдырын үш-ақ күнде шеше салады деген сөз. Жолы бар, тамағы бар, қай кезде, қалай ғана жұртпен кезігіп, олардың келісімін қалай алатыны тағы да түсініксіз. Ең болмаса бір ауылға келіп, бір күн бойы жүріп, кеңесіп, кандидаттарды талқылау, бұрынғы әкімнің жұмысымен танысу, оған баға беру, қону, келесі күні жұртшылықтың қатысуымен дауыс беру деген атымен қарастырылмаған. Бұл енді демократия да емес, сайлау да емес, Астанадағы көрмеге гастрольге келген «Дю Солей» циркі тасада қалатын «өнер».

Осындай «сайлауды» шын мәніндегі демократия деуге, тіпті сайлау деуге келе ме? Менің ойымша, мұны демократияға жатқызу қиын. Осындай заңды қабылдаған депутаттарымыздың өзі мұны «жанама құқық негізінде жасырын дауыс беру» деп атаған көрінеді. Шыны осы: жанама демократия, жанама құқық және жасырын дауыс беру.

Қарап отырсақ, біздің халқымыз, яғни қарапайым сайлаушыларымыз президентті тікелей сайлай алады. Парламент сайлауына қатысатын партияларға дауыс беру арқылы заң шығарушы орган – мәжілісті сайлай алады. Тіпті, о сұмдық, аймақтық жерде бәрін сайлап-тағайындайтын облыс және аудан мәслихаттарының депутаттарын тікелей сайлай алады. Ал кіп-кішкентай ғана, өздері аяғымен күнде жерін басқан, барша адамын бір адамдай танитын, бірімен туыс, бірімен күндес, малын баққан, картобын еккен, суын ішкен, баласын оқытқан ауылының әкімін сайлай алмайды екен. Мұның сиқыры не? Мемлекеттік билікті сайлауға пәрменді, құқылы қазақ жұртшылығы кіп-кішкентай ғана ауылдың әкімін неге сайлай алмайды? Президентті, парламентті сайлаған адам ауыл әкімін сайлай алмайды дегенге сенуге бола ма? Президентті сайлауға қабілеті жеткен сайлаушы ауыл әкімін қалай сайлай алмайды екен? Не себепті туған билігіміз өзіміздің азаматтарымызға сенбейді екен?

Ғалымдардың сөзіне сенсек, шынайы, нағыз демократия ауыл-ауылдан бастау алады. Адамдар, ауыл тұрғындары өз билігін өзі сайлаған елде ғана демократия мәдениеті, демократиялық институттар пайда болады, қоныс тебеді. Сондықтан ауылдың әкімін сол ауылда тұратын халықтың өзі сайлауы керек. Әрине, бұл жолда қателесу де, қайшылық та орын алуы ықтимал. Қазақ болған соң бірінші кезекте туыс-тамырлыққа бой алдыруымыз ықтимал. Қазақ болған соң екінші кезекте жалған популизмге, жақсы-жылы сөзге жол беруіміз әбден мүмкін. Бірақ екінші-үшінші жолы жұрт ақылға қонып, қолынан іс келетін, сөзінде тұратын, бәрімен тіл табыса алатын адамдарға дауыс беруді де үйренер едік. Бәлкім, осы жолды тездетіп өтіп-шығу үшін алғашқы 3-4 сайлауды екі жыл сайын өткізіп отыруға да болар еді. Жергілікті өзін-өзі басқару заңнамалары талқыланған кезде осындай ойларды бірнеше мәрте айтқанбыз.

Бір көршіміз – айдаһардай жалмап, екінші көршіміз – аюдай ақырып жатқанын да ескеріп отырмыз. Тіпті ауыл әкімін сол аудан әкімінің өзі ұсынсын. Яғни ауданның басшысы жұрттың алдын ала болжамын (әлемде мұны праймериз деп жатады) егжей-тегжейлі есептеп, тиісті органдарға тексертіп (ұры-қары, сотталмаған, өзге елдің азаматы емес екенін анықтау үшін), екі-үш адамды сол ауылдың азаматтарына тікелей ұсынса, аталмыш ауылдың тұрғындары сол үміткерлердің бағдарламасын, ұсыныс-ойларын тыңдап, олардың ауыл үшін істемек жоспарларын талқылап барып белгілі бір күні дауыс берсе несі айып? Президенттер де сайлауға түскенде ел аралап, халықпен кездеседі. Ал ауыл әкімі болса өз жұмысын халықпен кездесуден бастамағанда неден бастауы керек? Оның президенттен артық қай тұсы бар? Мұндай сайлаудың қай жері мемлекеттік мүддеге, елдің тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіре алады?

Ерте ме, кеш пе, бәрібір осы жолға түсетініміз анық. Олай болса бүгіннен бастап белгілі бір облыстарда осындай да эксперименттерді бастау міндет. Үйреніп-жаттықпаса ешкім ешқандай нәтижеге жетпейді. Есесіне өз болашағына өзі жауап беріп, өз әкімін өзі сайлаған ауыл тұрғыны ең мықты патриот, ең мықты қоғам белсендісі бола алады. Бұл менің ауылым, бұл менің жерім деп түсінген әрбір ауыл тұрғыны туған жерін тастап, қалаға безіп кетпейді, Отанына күн туса бірінші болып атқа қонады. Әлде биліктің қорқып отырғаны осы ма? Себебі өзіне-өзі жауап беретін, бұл менің елім, менің жерім деп ұққан әрбір ауыл тұрғыны ауылдағы түгіл, аудандағы жемқорлыққа, озбырлыққа қарсы тұрады. Өз елі мен жерінің қожайыны болуды үйренген кез келген қазақ баласы ертең елдегі озбырлыққа, әділетсіздікке де қарсы болатыны хақ. Себебі ауыл да Қазақия, Қазақияның кішкентай бір образы. Егер қазақ сайлаушысының санасындағы үлкен Қазақия мен кіші Қазақия бірігіп кетсе, бір-бірінен ажырамас ұғымға айналса, біздің елде шынайы демократия мен әділет орнайтын болады.

Жалпы алғанда, мынаны түсінгеніміз абзал: бүгінде сайлау атаулы дүниенің барлығы Астанада емес, аймақтарда өтеді. Сайлауды ұйымдастыратын кімдер? Әрине, әкімдер. Осы әкімдер сайлау комиссияларын жасақтайды, жұртты қорқытып-үркітеді, әңгіртаяқ ойнатады. Дәл осы әкімдерді ұсынатын кімдер? Әрине, аудан әкімдері. Бұлар өз дәрежесіндегі сайлау науқанын өткізіп жатады. Ал аудан әкімдерін кім ұсынады? Әрине, облыс әкімдері. Осылай президентке дейін жалғаса беретін авторитарлық вертикаль, авторитарлық темірқазық. Бұл вертикаль, осы темірқазық – мемлекеттің діңгегі емес, биліктің діңгегі. Олай болатын болса ауыл әкімдері осы темірқазықты жерге қадап, оны берік ұстап тұрған басты және жалғыз деңгей. Биліктің осы деңгейден айырылғысы келмейтіні де содан. Ертең халықтың сайлауымен билікке ауыл әкімі келсін дейік. Бұл әкім халықтың пікірін ескеруге, оған құлақ асуға міндетті болады. Бүгінгідей екінің біріне әкіреңдеп, сес көрсетуге мүмкіндігі қалмайды. Мұндай әкім жоғары жақтың пәрменін емес, өзін сайлаған төменгі жақтың пәрменін есепке алуға мәжбүр болады. Яғни халықтың пікірін бұрмаламайды, оны озбырлықпен өзгерте алмайды. Бұндай жағдай жоғарғы билікке қауіп төндіруі ықтимал, бірақ болашақта мемлекетті күшейтіп, қабырғасын қатайтып, тұғырын бекітіп, оның әлеуетін асыратыны анық. Біз бұған әлі келеміз.

Осы тамыз айының ішіндегі сайлауды да көру керек. Заң бойынша ауыл тұрғындары бақылаушы бола алады. Кем дегенде келген аудан әкіміне, келген мәслихат депутаттарына осы әңгімені қайталап айта беруіміз міндет. Себебі өз әкімімізді өзіміз сайлай алатын жағдайға жеттік. Басқаша деп айту қазақты қорлау, қазақты кемсіту болып табылады. Ал қазақты – халықты қорлап, кемсіткеннің ұжмаққа шыққаны шамалы.

Айдос САРЫМ,

«Жас Алаш» газеті