27 қар, 2020 сағат 10:30

«Айбын-2020» әскери-патриоттық жиыны аяқталды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен Тұңғыш Президент күні қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Бейнебайланыс арқылы Қазақстанның барлық өңірінде онлайн түрде көрсетілген бұл жиынға қатысушылар тікелей эфирден бақылауға мүмкіндік алды. Аталған іс-шараға қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, жеке сынақта және «Үздік Жас сарбаз» аталымы бойынша үздік команда капитандары, жиынның жеңімпаздары қатысты.

«Мен жеңімпаздарды құттықтаймын. Барлық қатысушыларға жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс білдіремін. Сіздер бәріңіз әскери іспен танысып, армия мен Қарулы Күштердің тарихы туралы білдіңіздер, жетістіктеріңізді, білімдеріңіз бен ептіліктеріңізді көрсеттіңіздер, жаңа достар таптыңыздар, өздеріңізді сынап көрдіңіздер», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Республикалық жиын екі ай бойы өтті. Онлайн-форматта 39 команда жарысты. Жалпы қатысушылар саны 585 адамды құрады. Жиынның конкурстарына әскери қолданбалы спорт түрлері, интеллектуалдық және шығармашылық жарыстар кірді.

Шығыс Қазақстан облысының, Тыл және қару-жарақ бастығы басқармасының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командалары өз аталымдарында үздік атанды. Тыл және қару-жарақ бастығы басқармасының «Сағадат» командасы жиынның абсолютті Гран-при жеңімпазы атанды.

«Жыл сайынғы жиын – бұл біз үшін жаңа тәжірибе, жаңа достар, жаңа әсерлер. Қашықтықтағы форматта өтуіне қарамастан, конкурс өте қызықты, әрі тартымды болды. Бұл жиын біздің жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншіліктің отын жақты. Бізді жыл сайын өте жоғары деңгейде өтетін осындай ауқымды шараларға қатысуға мүмкіндіктің болуы қуантады», - деп Шығыс Қазақстан облысы «Жас қыран» командасының капитаны Ажар Ықыласова өз әсерімен бөлісті.

Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталды. Әр конкурсант қатысқаны туралы сертификат алды.

Айта кетейік, Елордада Тұңғыш Президент күні қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Аталған іс-шараға қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, жеке сынақта және «Үздік Жас сарбаз» аталымы бойынша үздік команда капитандары, жиынның жеңімпаздары қатысты.