27 қаңтарда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жұма күні сабақтар өткізілмейтін болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Астанада 27 қаңтарда ауа райының колайсыздығына байланысты (қатты аяз) қала мектептерінің бірінші және екінші ауысымындағы 0-11 (12) сынып оқушыларына және колледждердің 1-2 курс студенттері үшін сабақ болмайды.
Алматыда 27 қаңтарда температураның -25 градусқа төмендеуіне байланысты мектептерде 5-11 сыныптарға сабақ болмайды. Ал, қалада 1-ден 4 сыныпқа дейінгі оқушылар аптасына бес күн ғана оқиды. Қарағанды облысында 27 қаңтарда қатты аязға байланысты барлық мектептерде сабақтар тоқтатылды. Ауа температурасы -33-35 градусқа дейін суытып, желдің жылдамдығы секундына 9-14 метр болады деп күтілуде. 0-11 сынып аралығындағы бірінші және екінші ауысымда оқитын оқушылардың барлығы сабақтан босатылады.
Павлодар облысында 27 қаңтарда бірінші ауысымда оқитын 1-11 сынып оқушыларына және колледждердің 1, 2 курс студенттеріне сабақ өткізілмейді. Ауа температурасы минус 35 градус.
Қостанайда минус 28 градус қатты аязға байланысты бірінші ауысымда оқитын 0-9 сыныптағыларға сабақ өткізілмейді.
Басқа облыстардан сабақтарға қатысты ақпарат әзірге келіп түспеді.