Тоня әжейдің толғамы
Біз тұратын пәтердің иесі – сексен екідегі орыс әжей. Өзі Мәскеудің басқа ауданындағы пәтерінде тұрады. Үйге құрбым екеуміз ұйықтап жатқанда келсе, бізді оятпайын деп аяғының ұшымен жүреді.
Бір ғылыми жобамен жұмыс істеп жатқаныма біраз уақыт болды. Ертерек бітіріп, тапсыруға тиіспін. Сол себепті, таңғы сегізде аяқтап, электронды поштамен жіберіп, ұйқыға жатқам. Бір көзімді ашсам, үй иесі орыс әжей бас жағымда газет оқып отыр екен. «Бүгін пәтер ақысын төлейтін күн ғой» деп ұйқылы-ояу есіме алдым. Пәтерде қазақ құрбыммен тұрам. Бір күн бұрын пәтердің ақшасын «үйде біріміз болмасақ, біріміз берерміз» деп, шкафқа салып қойғанбыз. «Ақшаны құрбым берген шығар» деп ойладым. Сол күйі қайта ұйықтап кетіппін.
Құрбым оятты. «Тоня әжей келді ме? Пәтер ақысын бердің бе?» деп сұрады. «Жоқ, ол кісі келгенде мен ұйықтап жатқанмын», – дедім. «Қызықсың. Мен дүкен аралап кеткенде келген ғой. Жақсы, мәдениетті кісі. Тіпті, сені ұйқыңнан оятып, пәтер ақысын сұрауға да құқы бар еді», – деді құрбым.
Сол Тоня әжей: «Ата-анадан он жетіміз. Әке-шешеміз бала кезімізде бәрімізді санап шығатын. Егер біреуіміз көршінің үйінде ойнап жүріп, орнымызға көршінің баласын жіберсек те, байқамай қалатын. Анам кешкі асқа үш кәстрөл борщ пісіретін. Анамның да, әкемнің де бізді еркелетуге уақыты болған жоқ. Әкем ертелі-кеш жұмыста болатын. Анам ертелі-кеш үйдің шаруасымен тыным таппайтын. Кішкентай сіңлім қайтыс болғанда, анам да, әкем де қатты қиналған жоқ. Бәлкім, баламын ғой, маған солай көрінген шығар. Бір баласы аяққа оратылып, жылап, бір баласының үстін жара басып, ол келесі баласына жұғып, миы ашып жатқанда, шетінеген қыздарын жоқтап отыруға уақыттары да болмаған шығар. Кейін де өлген сіңлім туралы әкемнің де, анамның да айтып отырғанын ешқашан естіген емеспін. Бірақ үйдегі балалардың бәрі бір-біріне мейірімді, бауырмал болып өсті. Бір-бірімізге отбасы болып кеткеннен кейін де көмектесіп тұрдық», – дейді.
Сексен екідегі Тоня әжей бассейнге барады, аэробикамен айналысады. «Біздерге би курсына жазылу арзан, жеңілдік бар», – дейді өзі. Тәттіні өте аз жейді, өзін-өзі күтеді. «Тәтті жемеймін, толып кетемін», – деп қалжыңдайды. Әрине, денсаулығын күтеді ғой.
«Көрші подъезде тоқсан төрттегі шал жалғыз өзі үш бөлмелі пәтерде тұрады. Екі ұлы бар, екеуі де бөлек тұрады. Сол шал маған «бірге тұрайық» дейді. «Сен секілді кәрі шал маған керек емес» дедім», – дейді Тоня әжей. Қалжыңы емес, шынын айтады. Тоня әжей елуден асқанда, Шешенстандағы үйі өртеніп кетіп, далада қалып, Мәскеуге келеді. Мәскеуде аула сыпырушы болып жүріп, үкіметтен үй алады. Алпыс екі жасында екінші рет тұрмысқа шығып, біз тұрып жатқан пәтерді қайтыс болған күйеуінен мұраға алған. Алпысқа жақындағанда Мәскеуге екі чемоданмен келіп, екі үйлі болды.
«Жер бетіндегі әрбір адамның миссиясы бар. Бір адамның миссиясы өзгелерді дұрыс жолға бағыттап, адамзат үшін үлкен игілікті іс жасау болса, енді бір адамның миссиясы жаңалық ашу. Барлық адамның миссиясы әлемді өзгерту емес қой. Қарапайым адамдардың миссиясы – жақсы ниеттегі адам болып, жай ғана жақсы адам болып өмір сүру. «Библияны» да, «Құранды» да оқып шықтым. «Исаны «Құдай» дейтіндерді де, «Құдайдың баласы» дейтіндерді де түсінбеймін. Иса – пайғамбар. Мұхаммед секілді Иса да – пайғамбар», – дейді Тоня әжей.
Тоня әжейдің әңгімесінен кейін есіме ертегі әлемінің королі Андерсен түсті. «Әкем бізге дауыстап комедия мен ертегілер ғана емес, тарихи шығармалар мен Библияны да оқып беретін. Бір күні Библияны оқып болғасын әкем терең ойға батты, сосын анама ойлағаны туралы айтты ғой деймін, анам оны түсінгісі келмеген түр танытты. Әкем сол күннен бастап жылдар бойы өз әлемінде тұйықтала берді. Бір күні Библияны ашты да: «Иисус Христос та біз секілді ет пен сүйектен жаралған адам, бірақ өте ерекше адам болған», – деді. Анам әкемнің сөзінен шошып кетіп, кешірім сұрап, көзінің жасын төкті. Әкемнің сөзінен мен де қатты қорықтым, Құдайға жалбарынып, әкемнің күнәсі үшін кешірім сұрадым» деп жазады Андерсен.
Тоня әжей мен Андерсеннің әкесі – қарапайым етікші айтқан ақиқатты (Иса – Құдай емес, Құдайдың баласы да емес, пайғамбар) христиан әлемінің ғалымдары біледі, іштей мойындайды, тек ашық мойындаудан қорқады.
«Қарапайым адамдардың миссиясы: жақсы ниеттегі адам болып, жай ғана жақсы адам болып өмір сүру» дегенді жиі айтатын Тоня әжей өзі осы ұстаныммен өмір сүреді. Оның көзіндегі мейірім әлемді жылытады.
Желөкпе журналистер, намысшыл Наташаға қараңыздар!
Наталья есімді құрбымыз бар. Наташа қайырымдылық қорында жұмыс істейді. Қор ауыр науқасқа шалдыққан балаларға көмектеседі. «Біздің қорға Өзбекстаннан, Қазақстаннан да адамдар келіп, ауру балаларына көмек сұрайды. Өзбек балалардың еміне ақша тез жиналады. Өкінішке қарай, қазақ балаларға ақша жинау қиын, адамдар шоттарына ақша аудармайды», – деп мұңайды Наташа.
– Наташа, Мәскеуде көптеген Өзбекстан азаматтары жұмыс істейді. Шамасы, өзбек балаларға тиісті ақшаның тез жиналуының себебі осында болса керек. Өзің білесің, Мәскеуде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары көп емес. Мұндағы Қазақстан азаматтарының көпшілігі студенттер ғой. Олар біріншіден – бұл мәселеден хабарсыз болса керек, екіншіден – Ресей бюджетімен оқитын студенттердің стипендиясы мүлдем мардымсыз, жеті-сегіз мың теңге ғана алады, тіпті кейбірі ақылы бөлімде оқиды, – деп түсіндірген болдық құрбым екеуміз.
Наташа ертелі-кеш офисте, көлеңке жерде отырмай, бизнесмендерге шығып, көрмелер өткізіп, өзі де бәліш сатып, тиынның басын құрастырып, ауру баланың шотына ақша құяды. Бір қарағанда, Наташаның жұмысы – таза еңбек. Балалардың еміне ақша жетпей жатқанда, өз жалақысынан да ақша аударатынын білем. Бірақ бұл туралы өзі айтқан емес. Ол сахналарға шығып, мақтау қағаз да алған емес және оны күтпейді де.
– Наташа, шыныңды айтшы, өзіңді қайырымдылық жасап жүрмін деп ойлайсың ба? – деп сұрадым.
– Қайдағы қайырымдылық? Бұл – менің жұмысым емес пе? Сол үшін ай сайын жалақы аламын. Қайырымдылық жасап жүрмін десем ұят емес пе? Егер қорда аптасына бес күн тегін жұмыс істеп, қалған екі күнде бір жерде еден жуып, күнімді көрсем, онда «қорда тегін жұмыс істеп, қайырымдылық жасап жүрмін» деуге болар еді. Мысалы, дүкендегі сатушы жұмыс істеп, еңбегіне жалақы алады. Сол секілді, мен де қорда жұмыс істеп, жалақы алам. Жоқ, менікі қайырымдылыққа жатпайды, – деді.
Маған, әрине, Наташаның жауабы ұнады. Оны шынайылығы үшін, әсірелемей, әрнәрсені өз күйінде бағалайтын табиғилығы үшін бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім.
Қазақ құрбым бұрын пәтерде Наташамен біраз уақыт тұрған. «Рас, Наташа ешқашан қордағы жұмысын біреуге қайырымдылық жасап жүрмін деп ойламайды. Әр танысына «ауру балаларға қайырымдылық жасаңдаршы» деп жалынып жүріп, бәліш, торт пісіртеді. Күн суықта дірдектеп тұрып, сауда жасайды, күн ыстықта күннің астында тұрып, бәліш пен торт сатады. «Бүгін осынша сауда жасадық, мынанша ақша жинадық, бұл баланың еміне жетпейді, тағы да көрме өткізу керек» деп шапқылап жүреді, сауданы жақсы жүргізеді. Жұмысын жақсы істейді, сол үшін бастықтары жұмыстан оны жібергісі келмейді. Әйтпесе, білімді қыз, адамдармен тез тіл табысады. Оған жұмыс көп», – дейді қазақ құрбым.
Менің бір түсінбейтінім және ешқашан түсіне алмайтыным: мүгедек адамдар жайлы хабар жасайтын бір қазақ журналисінің «қаншама адамға жақсылық жасап жүрміз» деген сыңайдағы әңгіме айтатыны. Құдайым-ау, сенің артыңда үлкен телекорпорация, сол хабарды ашып, қолдап жатқан басшылық тұр, үлкен ұжым тұр, телеарнада көрсетілген жайтқа халық та қолдау көрсететіні анық. Көлеңке жерде отырып, хабар жасайсың, көрмеде дірдектеп, «ауру балаларға көмектесіңіздерші» деп жалынып, бәліш сатып тұрған жоқсың, болмаса, басыңнан күн өтіп, әркімге «алыңдаршы, балалардың дәрісіне ақша керек еді» деп жалынып, торт сатып тұрған жоқсың. Әрі-беріден соң, жүрегінде мейірім бар, сауатты кез- келген журналист мұндай хабарды жүргізе алады. Реті келгенде биік мінберлерге шығып, мақтау қағазын алып жатсың, ай сайын алатын жалақың тағы бар. Жақсылық жасап жатқаныңды ел көрмей жатыр ма, білмей жатыр ма, еңбегің ескерусіз қалып жатқан жоқ қой, басқасын айтпағанда, телеарна арқылы танымалдылық жасап жатсың. Рас, ол журналистің жасап жүргенін мен жасай алмайтын шығармын (осы пікірім үшін мені қызғаншақ адамдардың қатарына жатқызып қоятындар да табылады), басқа адам жасай алмайтын шығар, бәлкім, тек сен ғана жасай алатын шығарсың, тек қайырымдылық пен жұмысты шатастырмау керек.
Бізде неге кәсіби мамандар аз? Неге бізде интеллектуалдар аз? Себебі, біз өзімізге есеп бере алмаймыз. Осындай хабарды жүргізетін журналистер еш болмаса, Наташаның деңгейінде ойлай алса, өзіне шынайы баға бере алса екен.
Жүрегім таза қалса екен…
Аула алдындағы балалар ойнайтын алаңда құрбым екеуміз әңгімелесіп отырғанбыз. Он екі-он үш жастағы жасөспірім коляскада жатқан алты жасар балаға анда-санда көз қиығын салып қойып, тауықтың сүйегін мүжіп жатты. Тауықтың етін бітіріп, үлкен қара сөмкеден котлет алды. Бала котлеттен кейін сөмкесінен бәліш алды, оны да жеп алды. Сосын сусын ішті. «Анасы біраз уақыт сыртта інісін алып жүрсін деп толтырып тамақ салып берген-ау. Тамақ таусылғасын інісін алып, үйіне кіретін шығар. Анасы демала алмайтын болды-ау» деп уайымдадық. «Егер бала қарсы болмаса, інісіне біраз қарасайық, анасы біраз демалып алсын» деп отырғанбыз.
Бір кезде қарны тойған бала інісін коляскадан шығарып, алдына алып отырды. Інісін еркелетіп, бетінен қайта-қайта сүйіп қояды. Құрбым екеуміз «ашқарақ баланың» мейірімділігіне риза болып, картинадан көз алмадық. Мейірімді картинаға қарап тұрған қандай әдемі!
Адамның барлығының жүрегі о баста сөйлей алмайтын, өздігінен жүре алмайтын сал інісін әлдилеп, еркелетіп отырған баланың жүрегіндей тап-таза еді. Біз түбі бәріміз Құдайға ораламыз ғой. Тап-таза жүрегімізді табайықшы, жүрегімізге оралайықшы. Құдайға таза жүрекпен оралуды армандаймын.
Аягүл МАНТАЙ, Мәскеу
"Алматы ақшамы"