30 там, 2019 сағат 14:25

«Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жолдасың жат»

Қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын игі қасиеті – бауырмалдығы. Жеті атаға дейін бір-бірін туыс көретін халқымыз жақынға да, жатқа да жанашырлық танытады. Қаріп-қасер, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш деп санайды. Осындай мол пейіліне қарай Жаратқан Ие де қазақ жұртын жарылқауынан кенде етпеген. Оның бір дәлелі мынадай мақал-мәтелдері десе болады. «Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі». «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды».

Халқымызда қалыптасқан бауырмалдық, жанашырлықтың негізі қасиетті аяттар мен хадистерде жатыр десек қателеспейміз.

Алла Тағала былай дейді: «Шындығында, мүміндер – бауырлар».

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мүміндердің ішіндегі иманы толығы – ең жақсы мінез-құлықты, кішіпейіл, тез достасқыш тартымдылары».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Мүмін адам достасқыш. Достаспайтын, тіл табыспайтын жаннан қайыр жоқ», − деген.

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық та қылмайды, оны құрдымға да тастамайды. Кімде-кім бауырының қажеті үшін жүрсе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Қиямет күні Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді. Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады».

Алла Елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Мұсылманның мұсылмандағы хағы бесеу: сәлеміне сәлем қайтару, ауру болса халін сұрап бару, қайтыс болса жаназасына қатысу, қонаққа шақырса бару, түшкірсе «Алла рахым етсін» деп айту.

Қазақ халқы туыстық байланысты ерекше бағалайтын ел. Тіпті, туыстық қарым-қатынасты дәл қазақтай сақтайтын ел әлемде кемде-кем. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиеті осы туыстық байланыс деуге де болады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» деп туыстық қатынастың басқа іс түскенде танылатындығын түсінген.

«Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жолдасың жат», «Мал қонысын іздейді, ер жігіт туысын іздейді» деп туыстық қатынасты қандай жағдайда да үзіп алмауға, оны қайта жалғап, жандандыруға шақырған.

«Ағайынның азары болса да, безері болмас» деп туыс жаман болса да безінуге болмайтындығын ескерткен.

Туыстық байланысты осылай қадірлеудің бір негізі шариғатта жатыр. Асыл дініміз адамдар арасындағы туыстық қатынастың берік болуын қолдайды, ағайыннан ажырамауға шақырады. Сөзіміз дәлелді болу үшін төменде туыстық байланысқа бекем болуға шақыратын хадистердің бір парасын бердік.

Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Алла үшін ең сүйікті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыстық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю. Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыстық байланысты үзу», – деген.

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім ырзық-несібесінің молаюын немесе ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық байланысын жалғасын», − дейді.

أَПайғамбар (с.а.с.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі». Сәһл ибн Мұғаз ибн Әнестен жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Артықшылықтардың ең биігі – қатыспай қойғанмен қатысу, бермегенге беру, өзіңді балағаттағанды кешіру», − дейді. 

Абдулла ибн Сәләмнан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, адамдар! Араларыңдан сәлемді таратыңдар, бір-біріңді тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты жалғаңдар және адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар! Сонда жұмаққа аман-есен кіресіңдер!» – деген.

Пайғамбар (с.а.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Міскінге берілген садақа бір садақа, ал туыстық қатынасы бар мұқтажға берген садақа екі садақа: садақа және туыстық қатынас (сауабы)», – деген.

Әбу Аййубтан (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Мені жұмаққа кіргізетін іс туралы айтшы», – дегенде Пайғамбар (с.а.с.): «Ол – Аллаға еш серік қоспай құлшылық етуің, намаз оқуың, зекет беруің және туыстық байланысты жалғастыруың», – деген.

Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім өмірінің ұзаруын, ризығының кеңеюін қаласа, ата-анасына ізгілік жасап, туыстық қатынасын жалғасын».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші», – дейді.

Әнестен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Бауырыңа ол зұлым болса да, зұлымдыққа ұшыраса да көмек бер», − дейді. Бір кісі: «Уа, Расулалла! Егер қиянат көрсе, көмек берермін. Ал ол зұлым болса қалай көмек беремін?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Оны зұлымдықтан тоқтатасың. Оған көмек етуің солай болады», − деп жауап береді.

Қазақ халқы қонақ күтімен қатар көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген.

Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «Құдайдың Өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірді Өзі таңдап қоңсы қылған соң ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан. Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл жайында қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады.

Алла Тағала былай дейді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар».

Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Осылайша көршінің ақысы, көршіге қайырлық жасау асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида.

Шариғатымызда көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Мысалы:

1. Туысқан әрі мұсылман көрші.

2. Туыс бірақ мұсылман емес көрші.

3. Туыс емес, бөгде мұсылман көрші.

4. Мұсылман емес көрші.

Туысқан болып келетін көршінің үш ақысы бар: туыстық ақысы, мұсылмандық ақысы және көрші ақысы.

Туыс болғанымен мұсылман болмаған көршінің екі ақысы бар: туыстық және көршілік ақысы.

Туыс емес бөгде мұсылман көршінің екі ақысы бар: мұсылман бауырлық ақысы және көрші ақысы.

Ал мұсылман емес көршінің бір ақысы, яғни тек көршілік ақысы ғана бар.

Осылайша Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мейлі мұсылман, мейлі кәпір болсын бәрібір. Яғни көршіге қандай жағдайда да ізгі ниетте болып, егер көмек керек болса, көмек беріп, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұру қажет. Тым болмағанда көршіні көргенде сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Өйткені Алланың Елшісі (с.а.с.) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген.

Халқымызда көрші ақысы туралы нағыз мұсылмандық ұстаным қалыптасқан. «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады екен» деген ұғым да бар. Бұл ұғымның мұсылманшылықта негізі бар.

Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген.

Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші.

Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген.

Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Және қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда қасынан табылатын жақын адам. Сондықтан да ол жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші. Көрші ауырып қалғанда зиярат етіп, хал-жағдайын сұрап, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу керек. Көршінің қуанышында да, қайғысына да ортақ болу керек.

Құрылыс салғанда көршісімен ақылдасып салу, оған зиян тигізбеуге тырысу да көрші ақысына жатады. Ал құрылыс салып жатқан көршіге көмектесу керек.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деген. Яғни егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өзінің үйінің, не сарайының қабырғасын немесе дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен.

Қазақ халқы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын ескерткен. Мұның өзі мұсылманшылық қағидаларынан алынған. Ислам дінінде көршіге қандай да бір зарар, жамандық жасауға қатаң түрде тыйым салынған.

Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деп ескерткен: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса көршісін еш зарар бермесін».

Әбу Шурейхтен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Зиянынан көршісін аман қалдырмаған жан», – деген. Яғни, көршісін өзінің жамандықтарынан, зиянды істерінен сақтай алмаған жан толық иман келтірген болып есептелмейді. Ондай жанның жасаған ғибадаттары мен жақсылықтарының да сауабы аз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) басқа бір хадисінде күндіз ораза тұтып, түнде намаз оқып, тақуалықпен тіршілік етіп, бірақ көршісіне зарар беретін әйелдің тозаққа кіретіндігі туралы ескертіп өткен.

Екінші жағынан көрші қандай жаман адам болса да, қандай зарар зиян беріп жатса да оған сабырлық еткен дұрыс. Ондай көршіні тура жолға үгіттеп, жақсылыққа үндеу керек.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес», – дейді[1].

Пайғамбар (с.а.с.) басқа хадисінде, тіпті, үйді, қораны сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуға бұйырады. Көрші ақысы туралы Алла Елшісі (с.а.с.) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Өзіне жәбір беріп, жолына нәжіс заттарды төсеп қоятын иман келтірмеген көршісі  ауырып қалғанда оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болады.

(Материал ҚМДБ-ның мақұлдауымен жарияланды) 

Ағабек Қонарбайұлы,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы



[1]  Әл-Баззар риуаяты.