Қазақстандықтар 15 мыңға жуық жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сатып алған. Осылайша, ел бюджеті 4 млрд теңгеге толықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстанның автобизнес қауымдастығына сілтеме жасап.
«Екінші тоқсаннан бастап нарықта белсенділік артты және мемлекеттік нөмірлерге жаңадан қосылған G, I, J, Q әріптерімен ақылы комбинацияларға сұраныс көбейді. Жыл бойы 15 мыңға жуық жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлері сатылды. Олардың жалпы құны - 4 млрд теңге», - делінген хабарламада.
Қауымдастық келтірген деректерге сәйкес, 2018 жылы әкімшілік полиция органдары 1 194 254 көлік құралын (келісімшарттар, қайта рәсімдеу, автокөлік иесін ауыстыру) есепке қойған. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 14,8% көбірек.
Әсіресе, қайталама тіркеу саны жалпы тіркеудің 92,9% құраған.
«Ел автопаркі ескіріп келеді - 2018 жылдың басынан бастап, жалпы тіркеудің 2/3 бөлігін 10 жылдан асып кеткен көліктер (790 171 дана) құраған. Пайдаланғанына 20 жылдан асып кеткен көліктер саны - 464 236 авто. 3-10 жыл аралығында 290 205 автокөлік болса, үш жылға дейінгі жаңа көліктер саны - 112 833», - делінген хабарламада.