02 мау, 2021 сағат 12:41

Авиация әкімшілігі 8 компанияның қызметін тоқтатқан


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елдегі әуе компаниялары мен олардың иелігіндегі ұшақтардың саны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр халық алдындағы есептік кездесуінде әуе көлігіндегі бақылау мен қадағалау әлі де жетілдірілетінін атады. 

«Бүгінде Қазақстанда 55 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішінде Эйр Астана, Fly Arystan, Скат, Qazaq Air, «Южное небо», «Жетісу Авиа», «Жезқазған Эйр» сияқты 7 компания 75 заманауи авиалайнермен тұрақты тасымалдар орындайды. Ұзақ мерзімді перспективада біздің бұл компаниялар 2031 жылға дейін 39 қазіргі заманғы әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Ведомство басшысы азаматтық авиацияны бақылау және қадағалау бағытында еуропалық тәсіл енгізілгенін айтты. 

«Түрлі пікірталастар мен сындарға қарамастан, Қазақстанның авиация әкімшілігі өз жұмысын атқарып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Оның басшылығына тәуелсіз әрі объективті бақылауды қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік маман тартылды. Авиакәсіпорындарды инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS air KZ сияқты 8 авиакомпанияның қызметі тоқтатылды», - деді министр.