12 нау, 2019 сағат 10:59

Ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты: Қазақстан қоржынына үшінші «алтын» түсті

Лас-Вегаста өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлет Сәпи Есенгелді ұлттық команда қоржынына үшінші алтын медальді салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын түсті. 81 келіге дейінгі салмақта помостқа шыққан Сәпи Есенгелді қоссайыс бойынша 309 келі (жұлқа көтеруде 134 кг, серпе көтеруде 175 кг) салмақты бағындырып, алтын медальға ие болды. Сәпи үшін бұл бірінші халықаралық сайыс», - деп хабарлады Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Додада ел намысын бес спортшы қорғауда.

Чемпионаттағы алғашқы медальды Қазақстан құрамасының қоржынына 16 жастағы спортшы Сайрамкез Ақмолда салған еді. Алматы облысының тумасы 61 келіге дейінгі салмақ санатында алтын жүлде жеңіп алды.

Ал кеше Қазақстан ауыр атлетика федерациясы сайыстың екінші күні 67 келіге дейінгі Сайхан Тайсуев қоссайыста 288 келі көтергенін (127 келі жұлқа көтеруде және 161 келі серпе көтеруде) хабарлады.

«Сонымен бірге Сайхан жұлқа және серпе көтеру жаттығуында кіші алтын медальді иеленді. Бұдан бөлек, Сайхан жұлқа көтеруде өзінің жас санатында жаңа әлемдік рекорд орнатты», - деп хабарланған болатын федерацияның мәлімдемесінде.