Ташкент қаласында 17-25 сәуір аралығында өтетін ауыр атлетикадан Азия чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мәлім еткеніндей, лицензиялы бұл турнир алдағы Олимпиада ойындарына ранжирлеу аясында қажетті рейтингтік ұпайды жинауға мүмкіндік береді.
Азия біріншілігінде ел намысын 17 спортшы қорғайды:
Абылай Әуелханов (55 кг)
Арли Чонтей (55 кг)
Игорь Сон (61 кг)
Алексей Дроздов (61 кг)
Сайрамкез Ақмолда (67 кг)
Александр Уваров (81 кг)
Нұрғиса Әділетұлы (89 кг)
Артем Антропов (102 кг)
Рахат Бекболат (102 кг)
Ибрагим Берсанов (109 кг)
Зульфия Чиншанло (55 кг)
Гүлнұр Ыбырай (64 кг)
Екатерина Быкова (71 кг)
Айша Омарова (71 кг)
Карина Кузганбаева (81 кг)
Раушан Мешітханова (87 кг)
Айзада Мүптілда (87+ кг).
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметовтің айтуынша, Азия додасына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде.
«Құрама Ташкентке ұшардың алдында Алматы облысында оқу-жаттығу жиынында шеберліктерін шыңдайды. Спортшылар тізіміне ел біріншілігінде үздік шыққандар енді. Көбінің халықаралық жарыстарда алған тәжірибесі бар. Сонымен қатар қарағандылық Айша Омарова, Алматы облысынан Алексей Дроздов және шымкенттік Александр Уваров мұндай додада алғаш рет бақ сынамақшы. Басты мақсат – биылғы Олимпиадаға жолдама алу», деді Б.Ахметов.
Токиоға барудан негізгі үміткерлер – әйелдер арасынан Зульфия Чиншанло мен Раушан Мешітханова, ерлерден Ибрагим Берсанов пен Игорь Сон. Нақты кімнің баратыны маусым айында біліктілік кезеңі аяқталғаннан кейін белгілі болады.