17 мау, 2021 сағат 19:40

Ауылдағы мәдениет ұйымдарында кадр жетіспейді - Ақтоты Райымқұлова


Ауылдағы мәдениет ұйымдарында кадр жетіспейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Саланың алдында тұрған тағы бір проблема ауылдағы мәдениет ұйымдарында кадрлардың жетіспеушілігі болып табылады. Бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі мәдениет ұйымдарындағы кадрлардың тапшылығы әр түрлі мамандықтар бойынша 1200 адамды құрайды. Оның ішінде кітапханашылар, хореографтар, мәдени ұйымдастырушылар, вокалистер, музей, ауылдық клуб қызметкерлері және басқалары бар», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, жергілікті жерлерде жас мамандарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама жұмыс істемейді. 

«Мысалы, «Дипломмен – ауылға» жобасы ел өңірлеріндегі кадр проблемасын шешпейді. Мамандардың келуіне, бірінші кезекте, ауылдағы өмір сапасы - тұрғын үйдің болуы, жалақының лайықты деңгейі, әлеуметтік қолдау шаралары әсер етеді. Бұл - ізденушілердің әңгімелесу кезінде қоятын басты сұрақтары. Бұл мәселені шешу жан-жақты болуы керек. Шешім ретінде ауылдағы көпфункционалды орталықтар үшін әмбебап жұмысшыларды даярлау болуы мүмкін. Мысалы: кітапханашы- экскурсовод – мәдениеттанушы», - деді Ақтоты Райымқұлова.