08 қаз, 2020 сағат 14:38

Ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқандарға мемлекеттің қолдауы қажет - Дәурен Қуат

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат жер мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жер – ұлттың, мемлекеттің меншігі. Бір мемлекет екінші мемлекетке жерін сатпайды. Жерді соғыс жағдайында тартып алу ғана мүмкін. Бейбіт түрде, комерциялық мақсатта жер сату деген болмайды. Жерді сату – ақымақтық, ал қазақ ақымақ емес. Жерді ел игілігіне пайдалана білу керек. Ол үшін ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан адамдарға мемлекет тарапынан қолдау қажет, оларға арналған мемлекеттік бағдарламалар болуы керек», - дейді «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат. 

Ол қазіргі уақытта жерді игерудің, өңдеудің жаңа технологиясы көп екенін айтты. 

«Осы тұрғыда басқа мемлекеттермен тәжірибе алмасып көру керек. Жаңа технологияны меңгеру арқылы жерді игілігімізге жарата білу керек. Ал жерді сату – сатқындық. Барлық мемлекет басшылары жер үшін соғысқан, бірақ сатпаған», - дейді ол. 

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жеріміз шетелдіктерге сатылмайтынын айтқан болатын. 

«Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды», - деді Мемлекет басшысы.