Қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бірден айту керек, қазақстандық теннисшіге қиын қарсылас тап келді.
Америкалық Слоан Стивенс қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингіде 41-сатыда тұрғанымен, 2017 жылы US Open турнирін ұтқан танымал спортшы.
Бірінші партия барысында есеп 4:4 болған мезетте С.Стивенс брейк жасап кетті. Содан кейін өз геймін жібермеді – 6:4. Ал Ю.Путинцева сет барысында брейк пойнттарының бірде-біреуін пайдалана алмады.
Америкалық теннисші екінші партияны брейкпен бастады – 1:0. Дегенмен Юлия да қалыспай, таразы басын теңестіре алды – 2:2. Сосын тағы екі брейк жасап, есепті 6:2-ге жеткізді.
Үшінші, шешуші сетте С.Стивенс брейкпен алға шықты – 2:1. Ю.Путинцева іле-шала есе қайырды – 2:2. Тағы бір брейк – 4:2. Бұдан кейін қарсыластар брейкпен алмасты – 5:3. Қазақстандық теннисші екінші матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:3.
Тартысты бәсеке 2 сағат 10 минутқа созылды.
Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 67-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванк немесе рейтингте 237-сатыдағы франциялық Клара Бюрельдің біреуімен шеберлік байқасады.