Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Е.Рыбакина екінші кездесуін әлемнің 46-ракеткасы, франциялық Фиона Ферромен өткізді.
Бұл қарсыластардың өзара үшінші ойыны болатын. Өткен жылы Санкт-Петербургте Е.Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал Франция ашық чемпионатында Ф.Ферро басым түскен – 6:3, 4:6, 6:2.
Бұл жолы Е.Рыбакина есе қайтара алмай, 4:6, 4:6 есебімен жеңіліс тапты.
Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.
Ф.Ферро үшінші айналымда Ролан Гаррос турнирінің өткен жылғы чемпионы, Польша өкілі Ига Швентек немесе италиялық Камила Джорджидің біреуімен кортқа шығады.
2020 жылы Аустралия ашық чемпионатында әйелдер арасында Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш бірдей теннисші үшінші айналымға өткен болатын. Биыл жекелей сында Зарина Дияс пен Юлия Путинцева ғана қалды.