Ауғанстан аумағында қазіргі уақытта қанша этникалық қазақ тұрып жатыр. Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
«Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қажет болған жағдайда тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды», - деді Айбек Смадияров тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, этникалық қазақтар мәселесі Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің ерекше бақылауында.
«Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақтардың отбасы тұрады. Нақтырақ, 200-ге жуық этникалық қазақ. Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақтардың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият қайта тексеруді және қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз», - дейді ол.
Оның айтуынша, соңғы кезде елшілікке өздерін "қазақпыз" деп таныстыратын түрлі топтар жиі келе бастаған. Бірақ іс жүзінде ешқандай дәлелі жоқ.
«Олардың кейбіреуі қазақ тілінде сөйлей алмайды. Сондай-ақ, ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына көмек көрсету туралы өтініштерге мұқият тексеріс жүргіземіз», - дейді министрліктің ресми өкілі.
