ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Тәжікстан Республикасының төрағалығымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) кезекті отырысына қатысты. Бұл туралы Сыртқыс істер министрлігі хабарлады.
Отырыс алдында ШЫҰ елдерінің Сыртқы істер министрлерін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қабылдады.
СІМК барысында ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ұйымның 20 жыл ішіндегі қызметін қорытындылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді талқылады. ШЫҰ қызметін одан әрі дамытудың бірінші кезектегі міндеттері және ұйымның басқа да көпжақты құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері қаралды.

Өз сөзінде Министр М.Тілеуберді ШЫҰ-ның халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі мен маңызын атап өтті. «Ұйымның басқа мүшелерімен бірге Қазақстан ұйымның зор әлеуетін толыққанды іске асыруға өзінің тұрақты түрде лайықты үлесін қосуға ұмтылуда», - деді Қазақстан СІМ басшысы.





