Мұсылман қыз ұшаққа кірерден бұрын орамалын шешуді талап еткен Air Canada әуе компаниясының қызметкерлеріне шағымданды, деп жазды Independent.
12 жастағы спортшы Фатима Абдельрахман сквоштан Құрама Штаттар құрамасымен бірге Сан-Францискодан ұшуы тиіс болған.
Ол кедендік бақылаудан өткеннен кейін әуе компаниясының қызметкерлері оның бет-әлпеті паспортта басқаша екенін алға тартып, хиджабын шешуді өтінген.
Қыз әйелдер ғана болатын бөлмеде шешетінін айтқанда, оған олар көнбеген.
"Менің хиджабымды шешу – кез келген киімді шешу секілді емес. Бұл денемнің бір бөлігін алып тастағанмен бірдей. Хиджаб – менің бір бөлігім", - деді Фатима кейінірек.
Twitter-де қыздың әпкесі бұл туралы жазғаннан кейін оқиғаның мән-жайы анықталды.
Америка-ислам қатынастары кеңесі Air Canada компаниясынан қыздан кешірім сұрауды және кемсіткені үшін өтемақы төлеуді талап етті.