Аудандар бойынша, елді мекендерде шөп шабу бригадаларын құру қажет. Екі күн ішінде барлық ауданның жағдаймен танысуға келген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министрдің міндетін атқарушы алдымен құрғақшылықтан зардап шегіп, төтенше жағдай жарияланған Арал ауданына ат басын бұрып, жергілікті халықпен және шаруашылық басшыларымен кездесті. Кездесу барысында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталып, аймақтағы мал азығы мәселесінің шешілу жолдарын пысықталды.
«Біріншіден, Үкімет резервінен Қызылорда облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың қыстағына жеткізілетін мал азығының құнын арзандату үшін өткен аптада 1,7 млрд теңге бөлінді. Қазір осы қаражатты барлық шаруа қожалықтарына тамыз айының ішінде жеткізу қажет. Екіншіден, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 490 тонна арпаны нарықтағыдан төмен бағамен сатты. Жалпы биыл жемдік астық қорын 370 мың тоннаға жеткізу жоспарымызда бар. Үшіншіден, фермерлердің жем-шөп дайындауына қосымша арзандатылған жанар-жағармай бөлінетін болды. Қазір энергетика министрлігімен барлық мәселелер пысықталды. Тамыз айынан бастап облыстарға сұратылған лимиттері бойынша жеткізілетін болады. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді», - деді Ербол Қарашөкеев.
Осы орайда айта кетейік, мал азығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді жылдам үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Республикалық жедел штаб құрылған. Сонымен қатар, Экология министрлігімен табиғи резерват жерлеріне мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім жасалған. Сондай-ақ, қазіргі жағдайға байланысты фермерлерге қолдау көрсету үшін мал шаруашылығын дамытуға алған несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылданады.
«Тағы бір қуанышты нәтижелі жұмысымыз, министрлік тарапынан жақында мал шаруашылығын субсидиялау ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес облыс бойынша былтырғы жылы мал азығына субсидия ала алмай қалған шаруа қожалықтарының резервтегі өтінімдері қанағаттандырылатын болды. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 390 млн тг қаражат та бөлінген. Осы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы тез арада шешім қабылдауы қажет. Содан кейін, басқа өңірлерден мал азығын тасымалдауға темір жол тарифіне арнайы жеңілдіктер беру бойынша Қазақстан темір жолы компаниясының шешімі шықты», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жалпы Қызылорда облысы бойынша мал азығымен қамтамасыз ету үшін ішкі мүмкіндікті толық пайдаланып жағдайды шешуге болады.
«Аудандар бойынша, елді мекендерде шөп шабу бригадаларын құру қажет. Осы екі күн ішінде барлық ауданның жағдаймен танысып жедел шешуді қажет ететін мәселелерді саралайтын боламыз», - деді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы.
Тағы бір айта кететін жайт, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосымша мал азығын дайындайтын техника сатып алуды қаржыландыру және суармалы жерді игеруге қажет құрылғыларды сатып алуға несие беру мәселесін де қарастыратын болады. Іссапар барысында, министрдің міндетін атқарушы Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.