7-8 қыркүйек күндері Орал қаласында атыраулық үкіметтік емес ұйымдары өкілдері арасында «AkZhaiykcamp19» екі күндік семинар-тренингі өтті.
Семинар-тренингтің мақсаты - түрлі бағытта белсенді әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бағыттағы жұмыстар мен қаржылық сауаттылықтарын арттыру, тың идеяларының жүзеге асуына жәрдемдесу, фандрайзинг (жобаға қаржы көздерін тарту) бағыты бойынша тәжірибе алмасу.
Бұл шараға қатысу үшін атыраулық үкімет емес ұйым өкілдері сайтқа өтінім қалдырды. 75 ҮЕҰ өтініш тапсырып, конкурс ережесіне сәйкес комиссиялық іріктеуден өткен 40 үкіметтік емес ұйым өкілі осы шараға қатысты.
Атырау қаласынан Орал қаласына жету үшін қатысушылар арнайы автобуспен барды. Ұйымдастырушылар Орал қаласына жеткен соң қатысушылардың табиғат аясында әсерлі танысу кешін ұйымдастырды.
Азаматтық орталықтың директоры Әйгерім Досқалиева шараның мақсаты туралы айтып өтті.
Әйгерім Досқалиева, Азаматтық орталықтың директоры:
Шараның басты мақсаты – түрлі бағытта белсенді әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бағыттағы жұмыстар мен қаржылық сауаттылықтарын арттыру. Бұл іс-шараға қатысушылар конкурстық негізде іріктеліп алынды. Қатысуға 70-тен астам ҮЕҰ өтініш білдіріп, содан талаптарды толық орындаған 40 ұйым күзгі лагерьге жолдама алды. Яғни, бізде арнайы 10 сұрақтан құралған сауалнаманы толтыру керек болды. Онда күзгі лагерьге қатысу мақсаты, қандай жобалық идеясы бар, өзіңнің ҮЕҰ-ды бес жылдан соң қалай елестетесің деген сұрақтар болды. Келген сауалнамаларға біздің әріптестер және Атырау облысы ішкі саясат басқармасы басшылығы іріктеу жасап, бағалау жүргізді.
Алғашқы күні қатысушылар шараның ашылуына қатысты. Бұдан соң Новосібір қаласындағы «Солнечный город» балаларға арналған қайырымдылық қорының фандрайзері, 285 млн рубль көлемінде қорға қаржы тартқан Стула Земфира мен «Добрый город – Петербург» қайырымдылық қорының үйлестірушісі «Жаңадан бастаушыларға арналған фандрайзинг» және «ҮЕҰ қызметіне қаражат іздеу: сыртқы және ішкі ресурстар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Түрлі ойындар арқылы көрсетілген тренингте ҮЕҰ өкілдері өз салаларына байланысты түрлі сұраққа жауап алды.
Қатысушыларға семинар-тренинг өткізген тренер Яна Зубко шара туралы өз пікірін білдірді.
Яна ЗУБКО, «Добрый город – Петербург» ҚҚ үйлестірушісі:
Семинар-тренингке қатысушылар сабақты жақсы қабылдады. Бұл тақырыпта айтатын ақпарат өте көп. Бір күнде барлығын қамту мүмкін емес. Сол себепті де бір күнде көп ақпаратты жеткізу және қабылдау қиын болуы мүмкін. Бірақ, қиындық болмаса үлкен жетістікке жету де даму да болмайды деп ойлаймын.
Семинар-тренингтен соң қатысушылар кешкісін командалық ойындар ойнап, соңы көңілді кешке ұласты.
Шараның екінші күні атыраулық ҮЕҰ өкілдері Ұлыбританиядағы Фандрайзинг институтының мүшесі, қазақстандық фандрайзер Индира Шахтың «Жобалық өтінім деген не? Жобаның нәтижесі мен тиімділігі қандай?» тақырыбында семинар-тренингіне қатысты. Әрбір қатысушы өзінің қазіргі бастаған немесе ойында жүрген жобалық идеяларын тренермен ақылдаса отырып, мақсаты мен нәтижесін бірге талқылады. Командаға бөлінген қатысушылар өзара жарыса отырып, жақсы жобалық өтінімнің тиімділігі мен мақсатын түсініп шықты.
Екі күндік шарадан соң қатысушылар өзінің әсерімен бөлісті.
Мейірім Ердәулет, «Талшын» қоғамдық қорының жетекшісі:
Жақсы демалыс пен керемет лагерь барлығын бірге ұйымдастырған Азаматтық орталыққа көп рақмет! 40 ұйым мен білгір тренерлердің тәлімі, қонақжайлылық пен жылы қабылдау, жаңа идеялар мен көкейде жүрген мақсаттарды жүзеге асыруға деген үлкен мүмкіндік, командалық ұйымшылдық және игі істің қашанда басында жүрудің қыр-сырын санамызға құйған лагерь үшін рақмет саған, Азаматтық орталық!
Ақылбек Мұханов, «Игі іске бастама» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Әріптестеріме көп рахмет айтамын! Осындай пайдалы тренингтер көп болсын! Біздің бағытымыз әр қилы болғанымен, мақсатымыз – бір. Бір-бірімізді әркез қолпаштап жүре берейік!
Эльвира Аралова, «Самға, жүрегім» қоғамдық қорының жетекшісі:
Көңілді атмосфера, жайлы ортада білімімзді арттырған керемет шара болды. Қазақта «білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген сөз рас. Жобаны қалай жазу керек, қаржыны қалай тартуға болады және т.б. ойымдағы көптеген сұраққа жауап алдым. Қатысушылар да өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Бәріміз бір салада жүргеннен соң бұл пайдасын тигізеді деп ойлаймын. "Ақжайық CAMP" атты лагерь ұйымдастырған азаматтық орталыққа үлкен алғыс білдіремін. Осындай шаралар көп болып, Атыраулық ҮЕҰ-дың белсенділігі арта бергей!
Қайдарбек Құрмашев, «Ақжол Махамбет» мүгедектер қоғамдық бірлестігі:
Білу, үйрену қай жаста да ұят емес деп ойлаймын. Ал мынадай көңілді ортамен біліміңді арттыру тіптен керемет! Біз бір дүниеге жан-жақты көзқараспен қарауымыз керек. Әлі де үйренеріміз көп. Өзім әркез ізденісте жүргенді жақсы көремін. Осындай шаралар жиі ұйымдастырыла берсе, қатысудан қашпас едім. Мен үшін қажетті дүниелер айтылды. Азаматтық орталық ұжымына алғысым шексіз.
Семинар-тренинг біткен соң Азаматтық орталық ұжымы қатысушыларды Орал қаласының көрікті жерлеріне аралатты. Шара соңында қорытынды кеш ұйымдастырылып, әрбір қатысушыға Азаматтық орталықтың директоры Әмина Жәрдемқызы сертификат табыстады.
Айта кетейік, фандрайзинг – өз бағдарламаларын іске асыру және мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті ресурстар алуға бағытталған қызмет.