12 ақп, 2019 сағат 18:28

Аты аңызға айналған «Қара майормен» қоштасу рәсімі Алматыда өтеді

Ауған соғысының ардагері, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған, ҚР Қарулы Күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 14 ақпанда Офицерлер үйінде өтеді. Бұл туралы Алматы әкімшілігінің жанындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлері және мүгедектері бірлестіктерінің үйлестіруші кеңес төрағасы Мұрат Әбдішүкіров хабарлады. 

«Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу шарасы Алматыдағы офицерлер үйінде 14 ақпан таңғы 9.00-ға белгіленді. Одан соң 28 Панфиловшылар саябағындағы Ауған соғысында қаза болғандарға арналған ескерткіш маңында қаралы митинг өтеді»,- деді М.Әбдішүкіров.

Еске сала кетейік, аты аңызға айналған «Қара майор» 71 жасына қараған шағында көз жұмды.

Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдаған. 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып, арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды. Сауатты басшылықтың арқасында батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырған. Пандшер шатқалында моджахедтердің атақты қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың әскерімен соғысқан.

Оның ерлігі аңызға айналып, «Қара майор» деген лақап аты күллі аймаққа жайылған. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты. Батыр туралы «Қара майор» фильмі түсірілген.