12 ақп, 2021 сағат 14:04

Атмосфералық ауа сапасын бақылау: Ел аумағы 100 пайыз қамтылады

Биыл атмосфералық ауа сапасын бақылау үшін 30 ықшам автоматты станса іске қосылады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өздеріңізге белгілі, экологиялық проблемаларды жүйелі шешу үшін биылдың басында Мемлекет басшысы жаңа редакциядағы Экология кодексіне қол қойды. Бұл министрліктің соңғы екі жылда атқарған жұмысының нәтижесі. Елді толғандыратын мәселелердің бірі – атмосфералық ауаның сапасы. Атмосфералық ауаны талдау 2020 жылы 45 елді мекенде, 140 бақылау бекетінде жүргізілді. Биыл атмосфералық ауа сапасын бақылау үшін 30 ықшам автоматты стансаны алу жоспарда бар. Бұл ел аумағын 100 пайыз қамтуға және халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді А. Пірімқұлов. 

Оның айтуынша, жерүсті суларының жай-күйіне мониторинг 143 су нысанында, соның арасында 93 өзенде, 31 көлде, 15 су қоймасы, 3 арнада және бір теңізде жүргізілді. Сырдария, Егінсу, Қатта-Бөген өзендерінің су сапасының нашарлауы байқалды.